Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының негізгі кезеңі басталды

Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының негізгі кезеңі басталды

Атырау, 2025 жылғы 31 наурыз – Атырау облысында Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар «Полиэтилен» жобасын жүзеге асыру аясында алғашқы қада қағу салтанаты өтті. Бұл кезең еліміздің мұнай-газ химиясы саласының дамуы мен өнеркәсіптің әртараптандырылуында жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің, квазимемлекеттік сектордың ірі компаниялары мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

«Полиэтилен» жобасы – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі. Оның жүзеге асырылуы ішкі нарықты жоғары сапалы полимерлік шикізатпен қамтамасыз етіп, байланысты салалардың дамуына қолайлы жағдай жасайды, экспорттық әлеуетті нығайтады және еліміздің мұнай-газ химиясы саласындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Қазақстандағы алғашқы полиэтилен өндіру зауытының құрылысы индустрияландыру процесіндегі маңызды қадам болып табылады және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру ірі инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және республиканың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Зауытты іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Кәсіпорынның пайдалануға берілуі елдің мұнай-газ химиясы кешенінің өндірістік қуатын айтарлықтай кеңейтуге жол ашады.