
2025 жылғы 28 наурызда Батыс Қазақстан облысында вице-министр Қ.Б. Арымбек тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында вице-министр өңірдің отын энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы туралы баяндап, салаға қатысты өңірдің әрі қарайғы даму стратегиясын атап өтті және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Вице-министр министерліктің мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы негізгі бағыттарының бірі ретінде мұнай газ және энергетика салаларындағы жұмыстарға, соның ішінде газ, электр және жылу инфрақұрылымын қамтамасыз ету, сондай-ақ мұнай өнімдері мен сұйытылған мұнай газын жеткізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Батыс Қазақстан облысы республикада мұнай өндіру көлемі бойынша үшінші орында тұр (жалпы өндірудің 14,4%-ы, 2024 жылы – 87,7 млн. тонна). Өңірде жергілікті кен орындарын дамыту жобалары жүзеге асырылуда, атап айтқанда, Қарашығанақта 5 ші компрессор салынған, ал кері айдау жүйесін жетілдіру мақсатында 6 шы компрессорды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Облыста газдандыру деңгейі 99,7%-ға жетіп, табиғи газ 694 мыңнан астам тұрғынды қамтамасыз етеді. Қалған ауылдық жерлерді газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, электр желілерін жаңғырту және дамыту жобалары жүзеге асырылуда, бұл өңірдегі қалалар мен аудандарды сенімді электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Вице-министр Қ.Б. Арымбек барлық көтерілген мәселелер үкімет бақылауында екенін және оларды уақтылы шешу үшін қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Біз жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтаса отырып, тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарды шешу үшін барлық қажетті шараларды қолданамыз», – деді вице-министр.