Энергетика саласының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Энергетика саласының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Халықаралық әйелдер күніне орай өткен салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев әйелдер қауымының еліміздің энергетика саласының дамуына қосқан зор үлесі мен олардың еңбегін, өз ісіне деген адалдығын және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі баға жетпес рөлін ерекше атап өтті.

«Энергетика саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың ерен еңбегін, олардың табандылығы мен жоғары жауапкершілік деңгейін ерекше атап өткім келеді. Сіздердің салаға қосқан үлестеріңіз баға жетпес, және бүгін, Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін саланың үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды», – деді министр.

Салтанатты шарада «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен:

«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қостанай» Магистральдық газ құбырлары басқармасы филиалының Қостанай желілік-өндірістік басқармасының газ тарату станциясының операторы - Валентина Александровна Пермякова марапатталды. Оның жалпы еңбек өтілі – 29 жыл, оның 27 жылы осы салада өтті.

 «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауыт зертханасының 6-разрядты химиялық талдау зертханашысы (бригадир) - Саракүл Қожамқұлқызы Абдрасилова марапатталды. Ол 34 жыл бойы осы салада еңбек етіп келеді.

 

Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен:

«Nobilis Corp» ЖШС мұнай және газ өндіру жөніндегі 4-разрядты операторы - Ләззат Бөкенбайқызы Нұрғожиева марапатталды. Энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі 20 жылды құрайды.

Министрліктің, үздік қызметкерлері де лайықты марапаттарға ие болды.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалін жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің көмекшісінің Алғыс хатымен

 ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздерін дамыту департаментінің бас сарапшысы – Динара Төлегенқызы Әліпова марапатталды.

Сонымен қатар, саладағы маңызды жетістіктері үшін «Аманат» партиясының Алғыс хаттарымен:

ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары – Гүлмира Даутқызы Мұрсалова;

Отын-энергетика кешені салаларын цифрландыру басқармасының басшысы - Гүлзина Шолпанқызы Анасова;

ҚР Энергетика министрлігі Жолданымдарды қарауды бақылау және талдау департаментінің бас сарапшысы - Динара Қажығалиева Даулетова марапатталды.

Мереке қарсаңында берілген марапаттар энергетика саласындағы арулардың жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген жанқиярлық еңбегіне көрсетілген құрметтің айғағы болды.