
2024 жылғы 10-11 желтоқсанда Иорданияның Амман қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Н.С. Байбазаровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимит Корольдігі арасындағы үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысы өтті.
Отырысқа Энергетика вице-министрі Ә.Ж. Жамауовтың басшылығымен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің делегациясы қатысты.
Тараптар энергетика секторын қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады және жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ниет білдірді.
Тараптар өзара түсіністік туралы келесі меморандумдарға қол қою жоспарларын құптады:
- Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Иорданияның атом энергиясы жөніндегі комиссиясы арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы;
- «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Иордания уран өндіруші компаниясы Jordan Uranium Mining Company (JUMCO) арасында.
Сонымен қатар, сутегі энергетикасы және энергетикалық ауысу саласында ақпарат және тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл отырыс екі елдің де негізгі секторлардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын растады, бұл тұрақты энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін болады.