ҚР Энергетика министрлігі мен Huawei цифрлық энергетикадағы жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісті

ҚР Энергетика министрлігі мен Huawei цифрлық энергетикадағы жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісті

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы цифрлық энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжатқа сәрсенбі күні Астанада ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс пен CEO Huawei Technologies Kazakhstan Чжао Сюй қол қойды.

Қол қойылған меморандум цифрлық энергетика саласындағы бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға, Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергожүйесінің ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетін нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты көздейді.

Huawei-мен ынтымақтастық сонымен қатар адами капитал деңгейін дамытуға, саладағы кадрлардың кәсіби деңгейін, жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін, цифрлық энергетика саласындағы білімді арттыруға және азаматтардың цифрлық дағдыларын игеруге бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын іске асыруға ықпал ететін болады.

Бұдан басқа меморандум реттеуші актілерді жетілдіру, халықаралық сараптама және цифрлық энергетика саласындағы үздік тәжірибе негізінде энергожүйені басқару саласындағы халықаралық стандарттарды үйлестіру үшін алғышарттар жасайды.

Осылайша, құжат озық цифрлық шешімдердің көмегімен Қазақстанның энергетикалық секторының ландшафтын сапалы өзгерту үшін негіз қалайды.

Технологиялар мен инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы Huawei компаниясы озық шешімдерді, "жасыл" энергетиканы дамыту мен қолдауда бұрын-соңды болмаған тәжірибені ұсынуға дайын.