Бүгін, 2023 жылғы 12 шілдеде Қазақстанда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған алтыншы электрондық аукцион өткізілді, - деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Аукцион ҚР ҚМ «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ-тың электрондық аукцион операторының www.e-qazyna.kz сайтында жер қойнауының 9 учаскесі бойынша өткізілді, оның қорытындысы бойынша қол қою бонусының ең көп мөлшерін ұсынған аукцион жеңімпаздары анықталды.
Бұл аукцион 01.01.2023 жылдан бастап қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне енгізілген өзгерістер ескеріле отырып өткізілді, онда кепілдік жарнаны төлеу және жеңімпаз қол қою бонусын төлемеген жағдайда, аукцион жеңімпазынан кейін қол қою бонусының келесі ең көп мөлшерін ұсынған аукционға қатысушымен келісімшарт жасасу мүмкіндігі көзделген.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 100-бабына сәйкес аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде (1) қол қою бонусын төлейді және (2) құзыретті органға қол қойылатын бонустың төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Осыған байланысты, жоғарыда айтылған мерзім өткеннен кейін Энергетика министрлігі электрондық аукцион қорытындысы бойынша соңғы ақпаратты ұсынатын болады.