Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері Ақтау қаласының ЖЭО-ларында болды

Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері Ақтау қаласының ЖЭО-ларында болды

ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінің өкілдері энергетикалық кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылау шеңберінде «МАЭК» ЖШС-ның ЖЭО-1 және ЖЭО-2 станцияларына барды.

 

Департамент қызметкерлері энергетикалық жабдықтардың ағымдағы жай-күйімен, жөндеу науқанынан өтуімен танысты. Энергетикалық кәсіпорын басшылығымен алдағы жылыту маусымына дайындық кезіндегі проблемалық мәселелер талқыланды.

 

ЖЭО-1 бойынша 2023 жылға №5 қазандық агрегаты мен №3 турбоагрегатты күрделі жөндеу жоспарланған.

Бүгінгі күні №5 қазандық агрегаты бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр (жөндеу ағымдағы жылдың 12 маусымына дейін). Су үнемдегішті, бу қыздырғышты жөндеу, металды бақылау жүргізілді. Сондай-ақ №5 қазандық агрегатының қосалқы жабдығын, тартқыш механизмдер мен арматураны толық көлемде жөндеу орындалды.

№ 3 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстарының мерзімі жақындаған жоқ (а.ж. 21 маусымнан бастап).

ЖЭО-2 бойынша №1, 6, 12 қазандық агрегаттарын және № 2, 6, 8, 10 турбоагрегаттарын жөндеу жоспарланған.

Бүгінгі таңда ЖЭО-2 бойынша 2022 жылдан келе жатқан № 2 қазандық агрегаты мен №1 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Мердігер ұйыммен жылу оқшаулау жұмыстарына ұзақ шарт жасасуға байланысты ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап № 1 қазандық агрегатын күрделі жөндеу басталған жоқ.

 

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап 5 тәулікке № 3 энергия блогын (ақаулар бар) тоқтату қажеттілігіне байланысты № 10 турбоагрегат пен Т-10 күштік трансформаторын күрделі жөндеу басталған жоқ. Маңғыстау энергия торабында тұтынушылардың шектеулерін енгізуді болдырмау үшін аталған жұмыстар 10 маусымнан кейін басталады. Сол себепті № 6 қазандық агрегатын жөндеу мерзімі ағымдағы жылдың қаңтар айынан қазан айына ауыстырылды.

 

№ 6, 12 қазандық агрегаттары және № 6, 8 турбоагрегаты бойынша жөндеу жұмыстарының мерзімі келген жоқ.

Шығу қорытындысы бойынша «МАЭК» ЖШС басшылығына ЖЭО-2 бойынша жөндеу жұмыстарын жеделдету және кейбір өнеркәсіптік тұтынушылардың шектеулерін болдырмау үшін негізгі жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген.

Облыстың энергетикалық кәсіпорындарын жылыту маусымына дайындау барысы Департаменттің тұрақты бақылауында.