Энергетика министрлігі жоспарланып жатқан энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін түзетуін түсіндірді

Энергетика министрлігі жоспарланып жатқан энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін түзетуін түсіндірді

ҚР Энергетика министрлігі мамыр айында энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерін қайта қарауды жоспарлауда – қолданысқа 2023 жылғы 1 маусымнан бастап енгізіледі.

Жалпы 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. 20 энергия өндіруші ұйым үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталатын болады.

Өтінімдерді қарау кезінде ҚР Энергетика министрлігі әрбір жеке жағдайда жеке тәсілді қолданды.

Энергия өндіруші ұйымдарды негізгі және қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды ауқымды жөндеу жүргізе отырып, алдағы жылыту маусымына дайындаумен байланысты уақтылы шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуаттарының тозуы шамамен 58%-ды құрайды, бұл ретте бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жақындайды. Бұл Степногор ЖЭО – 82%, Риддер ЖЭО – 75%, Орал ЖЭО – 86%. Жыл сайынғы тозудың өсуі – жөндеу жұмыстары ЖЭО сенімділігі мен апатсыздығын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде емес, тек тарифте көзделген көлемде ғана жүргізілетініне байланысты.

Жалпы алғанда, шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді.

Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде станция қызметкерлерінің жалақысының деңгейін тиісті өңірлер бойынша орташа деңгейге дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Шекті тариф жобасында өндірістік персоналдың жалақысының ұлғаюы да ескеріледі. Бұл энергетикалық кәсіпорындардан экономиканың аралас салаларына жоғары білікті мамандардың кетуін тоқтатуға бағытталған.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін арттырудың халықтың әлеуметтік әл-ауқатына әсеріне талдау жүргізіп жатқанын атап өтеміз.