Брюссельде Қазақстан мен ЕО-ның энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кіші комитетінің отырысы өтті

Брюссельде Қазақстан мен ЕО-ның энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кіші комитетінің отырысы өтті

2023 жылғы 13 наурызда Брюссельде (Бельгия) өткен «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» кіші комитетінің энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі 6–шы отырысында көп форматты ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібі қаралды.

Қазақстандық делегация құрамында диалогқа Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Сыртқы істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің өкілдері қатысты.

Осы отырыста тең төраға болған ҚР Энергетика министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Талғат Қарашев Қазақстан мен ЕО-ның энергетика, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, көлік, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастығын нығайту үшін оның маңыздылығын атап өтті.

Тараптар сондай-ақ жаһандық энергетикалық диалог шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту жолдарын талқылады. «Жасыл энергетиканы» дамыту, қоршаған ортаны қорғау, көлік байланыстарын және тиісті инфрақұрылымды кеңейту мәселелері бойынша пайдалы пікір алмасу өтті.

«Қазақстан Еуропалық Одақтың стратегиялық инвесторларымен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұмтылады және ел тәуелсіздігінің отыз жылдан асатын уақытында энергетика және басқа да байланысты салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалайды», - деп атап өтті отырыстағы Қазақстан тарапының тең төрағасы.

Отырыс соңында тараптар бірлескен қызметтің одан әрі қадамдарын белгілеп, оның қорытындысы бойынша Хаттама жобасын келісті.