Қазақстандық делегация Хьюстондағы «CERAWeek 2023» әлемдік энергетикалық конференциясының жұмысына қатысты

Қазақстандық делегация Хьюстондағы «CERAWeek 2023»  әлемдік энергетикалық конференциясының жұмысына қатысты

2023 жылғы 6-8 наурызда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов бастаған қазақстандық делегация Хьюстон қаласында (АҚШ) өткен «CERAWeek 2023» халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.

Дәстүр бойынша CERAWeek форумы энергетика министрлерін, халықаралық ұйымдар мен энергетикалық компаниялардың басшыларын қоса алғанда, әлемнің 60-тан астам елінен келген қатысушыларды қабылдайды.

Конференция барысында қазақстандық делегация жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға қатысты. Атап айтқанда, Алжирдің Энергетика министрі Мохамед Аркабпен және халықаралық энергетикалық форумның бас хатшысы Джозеф МакМониглмен бірге Болат Ақшолақов «Энергетика министрлерінің диалогы» панельдік сессиясында спикер ретінде сөз сөйледі.

Сессия барысында Болат Ақшолақов Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ағымдағы ахуал, саланы жаңғырту жөніндегі алдағы жоспарлар, жақсартылған модельдік келісімшарт сияқты инвестицияларды тарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА туралы, сондай-ақ мұнай-газ саласын декарбонизациялау жөніндегі жоспарлар туралы айтты.

Сонымен қатар сапар аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «QazaqGaz» ҰК АҚ, KAZENERGY қауымдастығының және т.б. өкілдері кіретін қазақстандық делегация ірі халықаралық компаниялардың, атап айтқанда, Chevron, Exxon Mobil, Shell басшыларымен және Eni Басқарма Төрағасы Клаудио Дескальцимен және т. б. кездесулер өткізді. АҚШ президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Джон Кэрримен, «S&P Global» төрағасының орынбасары Дэниэл Ергинмен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетикалық ресурстар жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайеттпен және АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенбергпен кездесулер өтті.

Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін және одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.