Шымкентке жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар ірі өндіріс нысандарының жұмысымен танысты

Шымкентке жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар ірі өндіріс нысандарының жұмысымен танысты

Премьер-Министр жұмыс бағдарламасы аясында ішкі нарық үшін бензин, дизель отыны, авиакеросин, сұйытылған газ, мазут және басқа да мұнай өнімдерінің өзге де түрлерін шығаратын «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытына барды.

2018 жылы кәсіпорын Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында масштабты жаңғырту мен қайта құрудан өтті. Бұл зауытқа автоматтандыру және цифрландыру саласында халықаралық тәжірибені енгізуге, өндірістік процестерді жетілдіруге, сондай-ақ шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейтіп, сапасын көтеруге мүмкіндік берді.

Әлихан Смайылов елімізде мұнай өнімдерін тұтыну жыл сайын, әсіресе дала жұмыстары мен жылыту маусымы кезеңдерінде артып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6-дан 9 млн тоннаға дейін кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, қала тұрғындарын қосымша жұмыспен қамтамасыз етеді», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр бүгінде Үкімет жанар-жағармай материалдары нарығын реформалауды, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттарының барлығын процессингтен маркетингтік жұмыс принципіне ауыстыруды жүргізіп жатқанын айтты.

«Бұл зауыттарға делдалдарды қатыстырмай, мұнай өнімдерін өндіру мен таратудың бірыңғай процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Дерек көзі: https://primeminister.kz/kz/news/shymkent-ortalyk-aziya-elderi-arasynda-kolik-logistikalyk-habka-aynaluy-tiis-alihan-smayylov-2703010