Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру энергетика саласында 34 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру энергетика саласында 34 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында шамамен 34 мың жұмыс орнын құра отырып, 73 жобаны іске асыру жоспарланған, - деп хабарлады ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2022 жылғы 3 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.

 

2022 жылы 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұмыс орны құрылатын болады, оның ішінде 1-ші жартыжылдықта 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

 

Мұнай-газ-химия саласында 6 жоба іске асырылуда, оның ішінде қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндірісі, Атырау облысында қуаты жылына 1 млрд. м3 шикі газ болатын газ өңдеу зауытын, Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауытын салу, сондай-ақ полиэтилен мен бутадиен өндіру жобалары пысықтаудың әртүрлі сатыларында.

 

Газ саласында газ тасымалдау жүйесін салуға, жаңғыртуға, жылу электр орталықтары мен елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған 10 инвестициялық жоба іске асырылуда.

 

Бұдан басқа, 2022 жылы Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасын іске асыру басталды, бұл өндіру сөресін қолдауға бағытталған. Қашаған кен орнында су тазарту қондырғысы бойынша жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ  Қашағанда өндіруді ұлғайту үшін 2А фазасы мен 2Б фазасын кеңейту жобалары қарастырылуда.

2024 жылға дейін «1-кезек. Астрахань-Маңғышлақ магистральдық су құбырын реконструкциялау және кеңейту» жоспарлануда.

 

Болат Ақшолақов 2023-2024 жылдар аралығында Маңғыстау облысында теңіз суын тұщыландыру зауытын салу жоспарланғанын, сондай - ақ 2022-2024 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауыты салынатынын атап өтті.

 

Электр энергетикасы саласында 2025 жылға дейін 17 инвестициялық жобаны және жаңартылатын энергия көздері бойынша 40 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған ЖЭО-ны жаңғырту бойынша жұмыстар басталды, сондай-ақ Алматы қаласының кабельдік желілерін реконструкциялау және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында транзиттің екінші тізбегін салу жүргізілуде.

2022 жылы 11 ЖЭК жобасын іске қосу жоспарлануда, олардың ішінде ГЭС – 2 объект (28 МВт), ЖЭС – 6 объект (217 МВт), КЭС – 3 объект (59,9 МВт).