ҚР Энергетика министрлігі транзиттік көлікке арналған дизель отынына бағаларды саралау бойынша бұйрық жобасын әзірлеуде

ҚР Энергетика министрлігі транзиттік көлікке арналған дизель отынына бағаларды саралау бойынша бұйрық жобасын әзірлеуде

2022 жылғы 3 тамызда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде шекара қызметінің деректері бойынша Қазақстанға күніне 4,4 мыңға жуық жүк көлігі кіретінін, оның ішінде 70%-ы шетелдік көлік екенін хабарлады.

 

Қазақстандағы жанар-жағармай құю станцияларындағы төмен бағалар орташа айлық тұтынудың шамамен 120 мың тоннаға өсуіне алып келеді.

Қазіргі таңда Министрлік резиденттікке, тұтыну көлеміне және көлік түріне байланысты дизель отынына бағаларды саралау бойынша бұйрық жобасын әзірлеуде.

 

Жол битумының тапшылығын болдырмау жөніндегі жұмыс нәтижелері бойынша Ресей Федерациясынан гудрон импортына, сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытында битум өндіруге квота ұлғайтылды, тиісінше жыл сайынғы жиынтық қуаты жылына        1,2-1,3 млн.тоннаны құрайтын болады, бұл жол құрылысы үшін ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

 

Брифинг барысында ведомство басшысы Болат Ақшолақов тапшылық жол-құрылыс компанияларының битумды біркелкі іріктемеуіне байланысты туындайтынын және бүгінгі таңда қысқы және көктемгі кезеңде битумды сатып алу үшін бірыңғай жеткізушіні айқындау мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

 

Бұдан басқа, жер қойнауын пайдалануға арналған, оның ішінде газ жобалары үшін Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігін енгізу бойынша заңнамалық өзгерістер топтамасы әзірленді, мұнда салықтан босату түріндегі реттеушілік және фискалдық преференциялар қарастырылған.

Бұл шаралар шамамен газдың жиынтық қоры шамамен 93,6 млрд.м3 көлеміндегі газ кен орындарын игеруге және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд. м3 көлемінде тауарлық газды қосымша өндіруге мүмкіндік береді.

 

Сондай-ақ 2022 жылғы 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін Биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді және бейінді мемлекеттік органдардың бақылауындағы тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасын айқындау мәселесі қаралуда.

 

Болат Ақшолақов өз сөзінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында бүгінгі таңда 340 МВт электр қуаты іске қосылғаны, осы жылдың соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарланғаны туралы атап өтті. Сондай-ақ Ұлттық электр желісін жаңғырту, атап айтқанда Қазақстанның Оңтүстік және Батыс энергия аймақтарының электр желілерін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.