Нұр-Сұлтанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысы өтті

2022 жылғы 14 шілдеде елордада Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Молдова Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, сондай-ақ Түрікменстан өкілдерінің қатысуымен ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысы өтті.

 

Кеңесте Қазақстанның атынан Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «KEGOC» АҚ жүйелік операторының өкілдері қатысты.

 

Өткізілген отырыс шеңберінде орнықты, төмен көміртекті электр энергетикасын дамытуды, ұлттық және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қолдауды ескере отырып, ТМД елдерінің жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды, сондай-ақ ТМД Электр энергетикалық кеңесі жанындағы Үйлестіру кеңесі енгізген бірқатар құжаттар қаралды.

 

Отырыста Жандос Нұрмағанбетов Қазақстан Республикасында электр энергетикасын дамыту мәселелері туралы баяндама жасады, онда төмен көміртекті дамуға көшудің, кейіннен көміртексіз экономикаға айналдырудың маңыздылығын атап өтті және 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуіне бағытталған іс-шаралар туралы айтты.

 

Сондай-ақ, Қазақстанның энергетика вице-министрі электр энергетикасы саласын цифрландыруға жағдай жасауға бағытталған жұмыстар туралы айтты.

Атап айтқанда, биыл Smart Grid тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі жобасы әзірленді, онда саланы цифрландырудың жалпы бағыттары айқындалған.