ҚР Энергетика министрлігі «бір құжат»қағидаты бойынша ірі мұнай-газ-химия кешендеріне арналған инвестициялар туралы арнайы келісім тетігін әзірледі

ҚР Энергетика министрлігі «бір құжат»қағидаты бойынша ірі мұнай-газ-химия кешендеріне арналған инвестициялар туралы арнайы келісім тетігін әзірледі

2022 жылғы 29 маусымда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Astana Finance Day» конференциясы шеңберінде «Энергетикалық және азық-түлік тұрақтылығына инвестициялар: қазақстандық кейс» панельдік сессиясына қатысты.

 

Сессия барысында Болат Ақшолақов әлемдік нарық пен жаһандық сын-тегеуріндердің өзгеріп отырған конъюнктурасы жағдайында Қазақстанның энергетика саласының дамуы туралы айтып берді.

 

«Жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалар үшін инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында біз инвестицияларға арналған неғұрлым тартымды жағдайлар әзірлей отырып, өзіміздің заңнамалық базамызды жетілдірудеміз», - деп атап өтті өз сөзінде Б.Ақшолақов.

 

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында салаға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 200 млрд. АҚШ долларын құрады.

 

Қазақстан Үкіметі «Шетелдік инвесторлардың Қазақстандық Кеңесі» қауымдастығымен бірлесіп, жақсартылған модельдік келісімшарт пен жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл құжаттар игерілуі қиын жобаларға, сондай-ақ газ және теңіз жобаларына фискалдық және реттеуші преференцияларды қолдануды қарастырады.

 

Сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласын дамытудың басым бағыттарының бірі – мұнай-газ-химия саласы. Қазіргі уақытта мұнай-газ-химия жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ-химия саласында қосылған құны жоғары тауарларды өндіру бойынша инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін «бір құжат» қағидаты бойынша ірі мұнай-газ-химия кешендері үшін инвестициялар туралы арнайы келісім тетігін әзірледі.