ҚР Энергетика министрлігі энергетикалық бақылау бөлігіндегі функцияларды күшейту бойынша заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасауда

ҚР Энергетика министрлігі энергетикалық бақылау бөлігіндегі функцияларды күшейту бойынша заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасауда

Бүгінгі таңда елімізде 37 жылу электр орталығы (бұдан әрі - ЖЭО) жұмыс істейді, оның 10-ы – коммуналдық меншікте (Семей, Қостанай, Кентау, Орал, Арқалық, Шахтинск, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Тараз қалалары), 2-еуі – мемлекеттік («МАЭК Қазатомөнеркәсіп» ЖШС), 3-еуі – квазимемлекеттік («АлЭС») және 22 – жеке меншікте.

 

Бұл ретте пайдалану мерзімі 50 жылдан асатын ЖЭО-ның саны 28 бірлікті (76%), 30 жылдан жоғары – 9 бірлікті (24%) құрайды.

ЖЭО-ның орташа жасы 61-ді құрайды.

 

ЖЭО-дан басқа, 11 энергия кәсіпорнының құрамына Семей, Қостанай, Өскемен, Орал, Атырау, Ақтау, Арқалық, Қызылорда, Текелі және Рудный қалаларындағы магистральдық және орамішілік жылу желілері кіреді.

 

ЖЭО негізгі жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды. Бұл ретте Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск қалаларындағы ЖЭО энергия жабдықтарының тозуы 80%-дан асады.

 

Бизнесті дамыту үшін кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан реформа шеңберінде 2018 жылы энергетикалық бақылау жөніндегі мемлекеттік орган тарапынан энергетикалық ұйымдарды бақылау әлсіреді.

 

Осыған байланысты, Энергетика министрлігі заңнамаға энергетикалық бақылау жөніндегі мемлекеттік органның функцияларын күшейту, оның ішінде жөндеу науқандары мен электр станциялары мен желілерінің инвестициялық бағдарламаларын орындау бойынша түзетулер енгізуге бастамашылық жасауда.

 

Заңнамаға енгізілетін түзетулер жөндеу жұмыстарының сапасы мен қаражаттың мақсатты пайдаланылуы үшін электр станциялары басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне де қатысты болады.

 

Сонымен қатар бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергия өндіруші ұйымдарына ауқымды технологиялық аудит жүргізу жұмыстары басталды. Аудит жүргізу нәтижелері бойынша электр станцияларын жаңғыртуға, оның ішінде оларды пайдаланудан шығаруға бағытталған іс-шаралар тізбесі айқындалатын болады.

 

Тұтастай алғанда, энергетика саласында табиғи және моральдық жағынан ескірген жабдықтарды жаңғыртуға, реконструкциялауға, ауыстыруға, сондай-ақ электр станцияларының жабдықтарын күрделі жөндеуге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржы қаражаты жетіспейді.

 

Мәселелерді шешу үшін ҚР Энергетика министрлігі жылу электр орталықтарын жаңғырту бағдарламасын әзірлеуде.

 

ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі