Қазақстанның энергия жүйесіндегі жағдай туралы

Қазақстанның энергия жүйесіндегі жағдай туралы

2022 жылғы 25 қаңтарда сағат 11:59-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Орталық Азияның энергия жүйесіндегі елеулі авариялық теңгерімсіздікке байланысты «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВ электр энергиясының транзитіне қуат түсірілді.

Нәтижесінде, Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының едәуір бөлігін ажырату арқылы «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің авариялық бөлінуі орын алды. Шектеулер көлемі 1500 мегаваттан асты, оның ішінде, Алматы қаласы мен Алматы облысында – 1000 МВт, Жамбыл облысында – 300 МВт, Түркістан облысында – 500 МВт және Қызылорда облысында - 200 МВт.

Жиіліктің отырып қалуы салдарынан (47 Гц-тен төмен) Өзбекстан, Қырғызстан энергия жүйелері толық өшірілді. Автоматика жұмысымен Жамбыл ГРЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станцияларының толық өшірілуіне жол берілмеді, аталған облыстардың тұтынушылары шамамен 500 МВт электрмен жабдықталды. Автоматиканың әрекетімен Алматы энергия торабы шамамен 700 МВт электр тұтынуды сақтай отырып, оқшауланған жұмысқа бөлінген.

Сағат 13: 39-да ұлттық электр желісінің Алматы энергия торабымен қалыпты схемасы толық қалпына келтірілді. Алматы және Алматы облысының өңірлік электр желілік компаниялары шектеулерді алып тастауды жүзеге асырды.

Оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.