Қазақстанда «Шеврон» $ 248,5 млн. көлемінде тікелей инвестициялар қорын құрады

Қазақстанда «Шеврон» $ 248,5 млн. көлемінде  тікелей инвестициялар қорын құрады

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы Қазақстанда 248,5 млн. АҚШ доллары көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру жөнінде Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Джон Балтц қол қойды.

Меморандум мақсаты Қазақстанның коммерциялық кәсіпорындарына инвестициялау жолымен экономика мен жергілікті қамтуды дамыту болып табылатын қор құруды көздейді.

«Жергілікті қамтуды және бизнес ортаны дамыту біз үшін басым мәнге ие. Тікелей инвестициялар қорының тетігі «Шеврон» компаниясына Қазақстанда алынған пайданың бір бөлігін Қазақстанда мұнай-газ,  қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар, бірақ онымен шектелмейтін салаларда тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпорындарды қолдауға және құруға бағыттауға мүмкіндік береді», - деді ҚР Энергетика министрі М.Мырзағалиев.

«Біз Қордың инвестициялары табысты кәсіпорындар құру және еңбек ресурстарын дамыту арқасында Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан «Шеврон» барлау және өндіру бөлімшесінің атқарушы вице-президенті Джей Джонсон.

Анықтама ретінде: Шеврон – мұнай және табиғи газ өндіру, көлік отыны, ЖЖМ және мұнай-химия өндірісі, сондай-ақ бизнес пен саланы жақсартатын технологияларды әзірлеу саласындағы әлемнің жетекші интеграцияланған энергетикалық компанияларының бірі. «Көміртекті шығарындылар деңгейі төмен болашақты алға ілгерілету үшін біз көміртекті тиімді төмендетуге, жаңартылатын энергия көздерін ұлғайтуға, сондай-ақ коммерциялық мақсаттағы төмен көміртекті технологияларға инвестиция салуға баса назар аударамыз», - дейді компанияда.

(Сурет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсынан)