Мырзағалиев: Маңғыстау облысында алдағы 5 жылда мұнай өндіру тұрақты болады

Мырзағалиев: Маңғыстау облысында алдағы 5 жылда мұнай өндіру тұрақты болады

Министрлік Маңғыстау облысының мұнай өндіру бейінін дайындады. Мәселен, мұнай өндіру келесі 5 жыл ішінде тұрақты болады деп болжанып отыр. Алайда, 2025 жылдан бастап өндірудің шамалы төмендеуі байқалуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның энергетика министрі айтып берді.

Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысында мұнай мен газ өндіруді арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.

«Жаңа теңіз жобаларын іске қосу, атап айтқанда Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игерудің арқасында 2028 жылдан бастап мұнай өндіруді 19,5 млн.тоннаға дейін арттыру жоспарлануда», - деп толықтырды Энергетика министрі.

Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» бен ЛУКОЙЛ осы кен орындарын игеру тұжырымдамасын талқылап жатыр.

Аталған кен орындарында 2028 жылдан бастап жыл сайын жоспарланған мұнай өндіру шамамен 4 млн. тоннаны құрайтын болады. Болжам бойынша инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Осы жобаларды іске асыру жағалау инфрақұрылымын жүктеуді, өңірдің сервистік кәсіпорындары үшін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа көлемдерімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Бұл жобалар Кешенді даму жоспарына кірмеді. Себебі оларды 2025 жылдан бастап іске асыру көзделген. Алайда, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді», - деп қорытындылады энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ағымдағы жылдың соңына дейін тұжырымдама нұсқасын түпкілікті айқындауы қажет.