Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүшелер Венада атом энергетикасының дамуын талқылауда

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүшелер  Венада атом энергетикасының дамуын талқылауда

Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Бас конференциясының 65-ші жыл сайынғы сессиясы өз жұмысын бастады.

АЭХА Бас конференциясының жұмысына жыл сайын Агенттікке 135-тен астам мүше мемлекеттердің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың 2000-нан астам өкілі қатысады.

Сессия барысында делегаттар атом саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылайды. Мәселен, АЭХА Бас конференциясының 65-ші сессиясының пленарлық отырысы барысында қатысушылар ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, техникалық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды және басқаларды қарайды.

Конференция жұмысына ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және т.б. өкілдері қатысады.

Қазақстандық делегация мүшелері АҚШ, Оңтүстік Корея әріптестерімен, сондай-ақ АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен және АЭХА құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізуде.

Сессия барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Үндістан Республикасының атом-энергетикалық әріптестігінің жаһандық орталығы арасында Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатта атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық көзделген.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі