Қазақстандағы Мұнай-газ машиналарын жасау орталығы жергілікті өндірушілер үшін «жолсерік» болады

Қазақстандағы Мұнай-газ машиналарын жасау орталығы жергілікті өндірушілер үшін «жолсерік» болады

2021 жылы Қазақстанда Мұнай-газ машиналарын жасау орталығын ашу жоспарланып отыр. Аталған Орталықтың алдағы жұмысы мен  алға қойған міндеттері туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев айтып берді.

Орталық қашан құрылады?

- Орталық ағымдағы жылғы ақпан айында әділет органдарында тіркелді. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарының үш операторы сәуір айында Қауымдастыққа мүше болып кірді. Қазіргі уақытта Орталықты іске қосу үшін кеңсе ашу, басқа да тиісті саясат пен қажетті рәсімдер әзірлеу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Орталықтың атқаратын функциялары қандай болады? Орталықта қандай да бір зерттеулер жүргізілетін болады ма, әлде Орталық тауар өндірушілер мен мұнай-газ компаниялары арасында делдалдық қызмет атқарады ма?

- Орталық сатып алушылар (мысалы, мұнай-газ саласындағы компаниялар) мен жеткізушілер арасындағы «жолсерік» сияқты қызметті атқарады. Орталықтың негізгі міндеті - коммерциялық құпия ақпаратты қоспағанда, ақпарат алу, ағымдағы және ұзақ мерзімді нарық талаптарын талдау, сапа және уақыт талаптарына сәйкес келетін,  Қазақстанның мұнай-газ саласына ғана қажетті емес, сондай-ақ халықаралық нарықтарға экспорттауға болатын әлеуеті жоғары тауарларды әзірлеу үшін, яғни қандай тауар түрлеріне сұраныс бар екендігін анықтау болып табылады. 

Орталық Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарының ірі операторлары үшін ғана емес, Қазақстандағы осы саладағы кез-келген әлеуетті клиент үшін қолжетімді болатын білікті жеткізушілердің санын көбейтіп, оларға назар аударуға бағытталып отыр.  Сонымен бірге, Орталық жергілікті және әлемдік деңгейдеге салалық талаптарды анықтау арқылы қазір қолданылып жүрген және болашақ технологиялар үшін білікті отандық тауар жеткізушілердің қоғамдастығын құруға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.  

Осыған дейін айтылып жүргендей, Орталық үш оператор арасындағы (НКОК, КПО және ТШО) «біртұтас терезеге» айналып,  жұмыстарды үйлестіретін болады. Осы орайда тек қана ірі операторлар ғана емес, басқа да кіші компаниялардың қатысу мүмкіндігі қарастырылды ма?

- Орталық – бастапқы кезеңде үш операторға назар аудара отырып, жергілікті өндірушілер арасындағы өзара қарым-қатынастың «жолсерігі» болып табылады. Орталық отандық мұнай-газ саласына қажетті жергілікті жеткізушілердің санын және сапасын арттыру мақсатында  жергілікті компаниялармен өндірістік және коммерциялық кемшіліктерді анықтау және түзету жолында бірлесіп жұмыс жасайтын болады. 

Орталық пен Операторлар бірлескен жұмыс атқарса да, Орталық «біртұтас терезе» қағидаты аясында жұмыс жасамайтын болады және Операторлар өздерінің жүйелерін, мәліметтер базасын, білікті тізімдерін және сатып алу процестерін жүргізуді жалғастырады. Орталық қажетті қызметтерді көрсете алатындай дәрежеге жеткеннен кейін, кез-келген клиенттің ұсынып отырған өнімдері мен қызметтері пайдалы деп танылса, Орталыққа хабарласуға мүмкіндігі болады, ешқандай шектеулер болмауы тиіс.

Қазіргі кезде  аталып өткен үш Оператор ірі көлемде тауарларды негізгі сатып алушылар болып табылады. Бүгінгі күні мұнай-газ қондырғыларының негізгі бөлігі шетелден импортталады. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының операторлары жергілікті қамтуды арттыруға ниетті. Орталық міндетінің бірі – өндірістік және коммерциялық кемшіліктерді анықтап, өндірушілер үшін ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Бұдан басқа, Орталық бірлескен кәсіпорындар құру және өндірісті локализациялау бағытына шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыс жасайтын болады.

Егер басқа жер қойнауын өндіруші компаниялар туралы айтар болсақ, Орталық өз жұмысын Операторлармен өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес жүзеге асыратын болады.

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің айтуынша, Орталық алдында мұнай-газ жабдықтарын немесе олардың компоненттерін Қазақстанда шығару бойынша бірнеше ерекше жобаларды құру міндеті қойылатын болады. Толығырақ айтып өтсеңіз, бұл қандай өндіріс, жабдық болуы мүмкін, қандай да бір жоспарлар, немесе түсініктер бар ма? Қазақстанның өз ішінде жеңіл автомобиль өнеркәсібіндегіндей тек қана компоненттер мен құрастыру цехын ғана құрмай, толық циклды құру мүмкіндігі бар ма? Бұл жұмыс істеп тұрған зауыттар негізінде болады ма, әлде өндіріс «нөлден бастап» құрылады ма? Олай болса, қай өңірде?

- Жұмыс істеп тұрған зауытты жаңартудан бастап, «нөлден бастау» құрылысына дейін барлық нұсқалар қаралатын болады. Барлығы қажетті жабдықтың талаптары мен күрделілігіне байланысты болады. Өңірлерге қатысты нақты бір саясат жоқ. Жалпы айтқанда, тауардың Қазақстан Республикасы аумағында қайта жиналуы ғана емес, олардың өндірісі мен пайдалануы ең басты мақсат болып табылады.

Республикамызда локализациялау үшін қандай өндірушілер тартылуы мүмкін?

- Орталық тарапынан машина жасайтын өндірушілерді таңдау тәртібі мен критерийлері әзірленеді, оған мынадай критерийлер енгізілуі мүмкін: Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған өндірістің болуы, кәсіпорынның тиісті білімі және тәжірибесінің болуы, қаржылық тұрақтылық, Орталық белгілеген этикалық талаптарды сақтау.

Орталықтың қызметін және қамтылуын кім қаржыландырады?  

 

- Орталықтың қызметін үш Оператор қаржыландырады, олар бөлетін арнайы бюджет бар. Орталық аталған бюджет есебінен қаржыландырылады және Орталықтың барлық шығындарына аудит жүргізілетін болады.

Бұл қандай нәтиже береді?

- Ең бастысы – Қазақстан Республикасының аумағында тиісті сападағы өндіріс орындарының санын арттыру. Алдағы 10-20 жылда, одан кейін де сұраныс бар және болады да, осыған байланысты аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Ал, бұл өз алдына республикамыздың экономикасын дамыту үшін бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Сонымен қатар, аталған өндіріс қуаттары шығаратын өнімдерінің шет елдерде бәсекеге қабілетті болуы бағытында жұмыс жүргізуі қажет екендігін де атап өту маңызды.