Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдауға үстемеақы тетігін қайта қарау жоспарлануда

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдауға үстемеақы тетігін қайта қарау жоспарлануда

Осы тетікке сәйкес энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін қалыптастыру кезінде 2021 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығындардан жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар алып тасталатын болады, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді жыл сайын түзетудің негізгі себептерінің бірі жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі – ЖЭК) өндіретін электр энергиясы тарифтері мен көлемдерінің жыл сайынғы өсуі болып табылады.

«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес энергия өндіруші ұйымдар шартты тұтынушылар бола отырып, ЖЭК электр энергиясын сатып алуға міндетті.

Сонымен қатар, электр энергиясына шекті тарифті, теңгерімдеуші электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту қағидалары ЖЭК өндіретін электр энергиясын сатып алу бойынша станциялар шығындарының өсуіне байланысты энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін уақтылы түзетуді көздемейді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға «өтпелі» үстемеақы тетігін енгізу көзделген.

Осы тетікке сәйкес энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін қалыптастыру кезінде 2021 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығындардан ЖЭК электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар алып тасталады. Бұл тетік ЖЭК электр энергиясының көлемдері мен тарифтері өсуінің энергия өндіруші ұйымдардың шығындарына әсерін болдырмауды көздейді.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі қазіргі уақытта ЖЭК электр энергиясын сатып алуға электр станцияларының шығыстарын шығару арқылы энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің деңгейін төмендету бойынша жұмыс жүргізуде.

1 шілдеден бастап энергия өндіруші ұйым электр энергиясын оның босату бағасынан аспайтын мөлшерде өткізетін болады, ол электр энергиясына шекті тарифтен және ЖЭК-ті пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыдан құралады. Осылайша, ЖЭК пайдалануды қолдауға үстемеақы энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтеріне әсер етпейді.

ЖЭК-ті қолдауға арналған үстемеақыны жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған шығындар және шартты тұтынушылар, білікті шартты тұтынушылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын жіберу көлемдері негізінде жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы есептейді және өзінің ресми сайтында жариялайды.

Аталған бұйрықтың жобасын аккредиттелген қауымдастықтар және «Атамекен» ҰКП талқылауда.