Қазақстанда Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді

Қазақстанда Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді

Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт атомы тарихын санауды 1991 жылғы 29 тамыздан бастауға болады – бұл күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ полигонын (ССП) жабу туралы батыл әрі көреген шешім қабылдады. ССП жабылғаннан кейін оны қауіпсіз күйге келтіру қажет болды, Тәуелсіздік таңында Тұңғыш Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) құрылды.

Бұл ғылыми әлеуетті сақтап қалуға және ядролық зерттеу реакторларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге, атом энергетикасы, радиоэкология және бұрынғы ССП аумағын оңалту саласындағы республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламаларды толық ауқымды іске асыруды бастауға мүмкіндік берді.

ҚР ҰЯО құрамына 4 филиал кіреді, онда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан Үкіметінің миссиясына – ғылыми-техникалық қолдау саясатына сәйкес 2000-ға жуық адам жұмыс істейді.

ҚР ҰЯО-ның құрылған құрылымы бөгде ұйымдарды тартпай, ЖҚҚ-ны (жаппай қырып-жоятын қаруды) таратпау, атом энергетикасының қауіпсіздігі, радиоэкология саласында қойылған міндеттер шеңберінде жұмыстардың бүкіл көлемін дерлік орындауға мүмкіндік береді.

Орталық жұмыс істеген 30 жыл ішінде ядролық қаруды сынаудың инфрақұрылымын және салдарын жою бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, полигонның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялау жүзеге асырылды, жаңа бағыт – басқарылатын термоядролық синтез технологиясы дамуда.

Бұрынғы ССП аумағын қауіпсіз күйге келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. 2000 жылға қарай ядролық зарядтардың жер асты жарылыстарына арналған барлық штольнялар мен ұңғымалар оларды мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілді. Бұл Дегелең тау алабының 181 штольнясы, 13 пайдаланылмаған ұңғыма және «Балапан» алаңындағы 12 шахталық ұшыру қондырғысы», - деп нақтылады ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков.

ҚР ҰЯО басшысы соңғы жылдардағы ең ауқымды жобалардың бірі ретінде 116 әуе және жер үсті ядролық жарылыстары, оның ішінде 1949 жылы 29 тамызда ядролық құрылғының алғашқы сынағы өткізілген «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіруді атады.

Бес жылғы зерттеу кезінде аталған алаңда 2 миллионнан астам спектрометрлік өлшеу жүргізілді, 5000-ға жуық топырақ үлгілері алынды және талданды. 2020 жылы «Тәжірибе алаңында» оңалту жұмыстары біржола аяқталды, бұл 100-ден астам ядролық жарылыс жүргізілген алаң қауіпсіз күйге келтірілген әлем тарихындағы алғашқы мысал болды. ҚР ҰЯО қызметкерлері ССП-ның басқа алаңдарын қауіпсіз күйге келтіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

ҚР ҰЯО биылғы жылы аяқталатын ССП-ны кешенді экологиялық тексеру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Бүгінгі таңда аумақтың 93%-ға жуығы  тексерілді.

- Биылғы жылы, ССП жабылуының 30 жылдығында біз полигонның барлық аумағында кешенді тексеруді аяқтаймыз, оның радиоэкологиялық жай-күйі туралы бәрін білетін боламыз. Жүргізілген кешенді зерттеулердің барлық нәтижелері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) оң қорытындысын алғанын атап өту қажет. Бүгінгі таңда біздің алдымызда полигонның және оған іргелес аумақтардың ядролық және радиациялық қауіпсіздігін одан әрі жақсартуға бағытталған жаңа міндеттер тұр. Оларды ойдағыдай шешу үшін біз ССП аумағын қауіпсіз күйге келтіруді және оның инфрақұрылымын дамытуды іс жүзінде іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді ғылыми негізделген жоспарын қалыптастырдық, ол ҚР Үкіметінде қолдау тапты, - деп түсіндіреді ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков.

- Атом энергетикасын, геофизиканы дамыту, басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамыту сияқты басқа бағыттар бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Біз кең ауқымды зерттеулер жүргізу үшін бірегей эксперименттік базаны, заманауи аспаптар кешенін және зертханалық талдамалық жабдықты сақтап қана қоймай, айтарлықтай ұлғайттық, сондай-ақ бірқатар эксперименттік стендтер құрдық, - деп қосты ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков.

ССП жабылуының 30 жылдығында ҚР ҰЯО Қазақстан және бүкіл әлем үшін тарихи оқиға туралы бірқатар іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ атқарылған жұмыстың нәтижелерімен бөлісуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында халықаралық әріптестердің қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел, шетелдік және қазақстандық журналистер үшін ССП-ға баспасөз туры және ҚР ҰЯО эксперименттік қондырғылары бар. Ал қыркүйек айында әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарының қатысуымен «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты IX халықаралық конференция өтеді.