Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты режимде өтті — Н. Ноғаев

Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты режимде өтті — Н. Ноғаев

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық туралы баяндады.

Жалпы, Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты режимде өтті.

«Қысқы ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүктемесі 2020 жылғы 28 желтоқсанда тіркеліп, 15 822 МВт құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4%-ға артық», — деді Н. Ноғаев.

Өткен жылыту маусымында электр станцияларында электр энергиясын өндіруді нөл МВт-қа дейін төмендеткен 36 тоқтату болды, бұл өткен жылғы жылыту маусымымен салыстырғанда 14%-ға аз.

Энергетика министрі соңғы жылдары табиғат құбылыстарының (яғни, қатты жел, көктайғақ және қатты атмосфералық жауын-шашын) салдарынан Қазақстанның Біртұтас Электр энергетикалық жүйесінің электр беру желілері темірбетон тіректерінің зақымдану жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті.

Осыған байланысты, электр желілерінің қолайсыз табиғи-климаттық әсерлерге сенімділігі мен төзімділігін арттыру мақсатында Н. Ноғаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция министрліктеріндегі әріптестеріне электр желілерінің тіректері мен олардың конструкциялық элементтерінің сапасына қойылатын қолданыстағы стандарттар мен басқа да нормалардың талаптарын қайта қарау туралы өтініш білдірді.

Жылыту маусымында жылумен жабдықтау кәсіпорындарының жергілікті атқарушы органдар бекіткен жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтамауына қатысты 44 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. Кестені сақтамаудың негізгі себебі – жабдықты пайдаланудағы кемшіліктер.

Жылыту маусымын өткізу кезіндегі проблемалық мәселе – отын үшін елеулі кредиторлық берешек көлемі.

Бүгінгі таңда энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 667 млн теңгені құрайды (өткен жылы берешек 7 млрд 481 млн теңгені құрады).

Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында жалпы сомасы 1 млрд теңге берешегі бар.

Коммуналдық кәсіпорындардың, көтерме сауда тұтынушыларының, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Павлодар облыстарындағы және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың алдында берешектері бар.

Электр энергиясын өндіру және беру бойынша көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер алдындағы осы берешектер энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жөндеу жұмыстарын уақытылы орындауына теріс әсер етеді.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтер үшін берешекті өтеу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жандандыру қажет», — деді Н. Ноғаев.

Жылыту маусымының өтуіне жүргізілген мониторинг келесі жылыту маусымына дайындық барысында ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлерді айқындады.

Батыс Қазақстан облысы

Нарық субъектілері арасында берешектерді төлемеу және жинақтау бойынша сұрақтар бар, бұл энергия өндіруші ұйымдар тарапынан тұтынылған газ үшін төлеуге де әсер етеді.

Тұтынушылардың топтары бойынша электр энергиясына арналған тарифтердің саралануына байланысты кепілдік беруші ретінде әрекет ететін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметті жүзеге асыруы процесінде бірқатар мәселелер туындауда. Осындай мәселелердің бірі – кепілдік беретін жеткізушілер мен реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы тариф айырмашылығына байланысты тұтынушы заңды тұлғалардың шағын энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға кетуі болып табылады.

Заңды тұлғалардың «БатысЭнергоРесурстар» ЖШС басқа энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға кетуі салдарынан «БатысЭнергоРесурстар» ЖШС энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар алдындағы берешегі 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2 млрд 62 млн теңгені құрайды.

Қарағанды облысы 

Соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының 2-ші жылу электр орталығы қазандықтарының нашар техникалық жағдайына байланысты жиі істен шығуы салдарынан Теміртау қаласының тұрғындарында жылу энергиясының тапшылығы орын алды.

2-ші жылу электр орталығы негізгі жабдықтарын жөндеуге бөлінетін қаражат физикалық тозу мен апаттылық деңгейін төмендетпеді. 2-ші жылу электр орталығының негізгі жабдығының орташа тозу көрсеткіші 77%-ды құрайды.

Жылыту маусымында 5 қазан жұмыс істеп, 1 қазан резервте болуы тиіс. 

Электр станциясы жылу қуатының төмендеуі салдарынан Теміртау қаласының тұтынушыларына 2 тәулік бойы жылу тапшылығы туындады.

Осы факті бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті биылғы 10 наурыз бен 25 наурыз аралығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ші жылу электр орталығына қатысты электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауы тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қазандар мен қазан цехының ғимараттарын пайдалануға қойылатын талаптардың бұзылғаны анықталды.

Түркістан облысы

«Кентаусервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру және отын сатып алу мәселелері бар. Кентау қаласының 5-ші жылу электр орталығында және жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жалпы сомасы 1 млрд 980 млн теңгеге жоспарланған, сондай-ақ келесі жылыту маусымын өткізу үшін отын сатып алуға 1 млрд 273 млн теңге қажет.

Түркістан облысының әкімдігі «Кентаусервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының келесі жылыту маусымына дайындығы үшін қаржы бөлуді уақытылы қамтамасыз етуі қажет.

Тұтастай алғанда алдағы жылыту маусымына дайындық ұйымдасқан түрде жүргізілуде.

Жүйелік оператор бекіткен Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес биыл 8 энергоблокты, 48 қазанды және 49 турбинаны жөндеу жоспарланған. Түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 13 турбинада және 15 қазанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 4 қазанда аяқталды.

Электр желілерінде 2021 жылы жалпы ұзындығы 20 458 км электр беру желілерін, 441 қосалқы станцияны, 4315 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған.

2020-2021 жылғы жылыту маусымын өткізу қорытындысы бойынша:

1. электр станцияларында, электр желілерінде барлық жөндеу жұмыстарын орындау;

2. отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайтуды қамтамасыз ету;

3. тұтынушылардың коммуналдық қызметтерді жеткізушілер алдындағы дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау;

4. білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын, елді мекендердің әлеуметтік және мәдени нысандарын дайындау бойынша барлық іс-шараларды орындау;

5. жылыту маусымы барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет.«Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, энергия кәсіпорындарының алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылау бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырады», — деп түйіндеді ҚР ЭМ басшысы.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/kazakstanda-zhylytu-mausymy-turakty-rezhimde-otti-n-nogaev-184202