Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға арналған e-аукциондарды өткізу жиілігін арттыру жоспарлануда

Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға арналған e-аукциондарды өткізу жиілігін арттыру жоспарлануда

Қазақстанның Энергетика министрлігі заңнамаға жылына екі реттен артық барлау мен өндіруге құқық беру бойынша электрондық аукциондар өткізу жиілігін арттыруды көздейтін түзетулерге бастамашылық етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова мәлімдеді.

Ол 2020 жылдың 23 желтоқсанында барлау және өндіру құқығын беру бойынша бірінші онлайн-аукцион өткенін, ал осы жылдың 23 сәуірінде жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асатын 8 учаске бойынша екінші аукцион өткенін еске салды. Екінші сауда-саттық қорытындысы бойынша қол қою бонусының жиынтық сомасы бастапқы бонустан 13 есе асып, 9,3 млрд. теңгені құрады.

Оның айтуынша, екі аукционның қорытындысы бойынша Министрлікте оларды өткізу процесін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, қол қойылатын бастапқы бонустар мөлшерінде кепілдік жарнаны көздейтін түзетулерге бастамашылық жасау жоспарлануда; жеңімпаз бас тартқан жағдайда екінші қатысушыға сатып алу құқығын беру; жылына екі рет аукциондар өткізуге шектеуді алып тастау.

«Бұл бізге бәсекелестікті және аукциондар өткізу жиілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл түзетулер қатысушылардың максималды ашықтығы мен айқындылығын қалыптастыру мақсатында алғашқы екі аукционнан кейін басталды. Қазіргі уақытта олар қажетті бекіту рәсімдерінен әлі өткен жоқ, жақын арада біз оларды салалық қоғамдастықпен талқылай бастаймыз», - деп атап өтті Жанат Жахметова.

Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексімен реттеледі, учаскелердегі кез келген технологиялық процестер ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралады.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа  қол қояды. Жобалау құжатын әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.

Аукциондар онлайн режимінде және жасырын өтетіндіктен, қатысушылар бір-бірін көрмейді. Аталған ақпарат аукциондардың өткізілуіне жетекшілік ететін ҚР Энергетика министрлігінің мамандарына да көрінбейді.

Вице-министр электрондық сауда-саттықты іске қосу және өткізу жөніндегі жұмыс энергетика ведомствосын цифрландыру шеңберінде жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі 6 жоба бойынша белсенді жұмыс жасауда, оның ішінде электрондық аукцион құру және мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құру және енгізу жобасы. Сонымен қатар, «Интеллектуалды кен орны» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының МӨЗ-де жөндеу аралық кезеңді кеңейтуге көшу сияқты мұнай-газ компанияларының, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының «Цифрлық кеніш» жобалары бойынша жұмыстар аяқталды. KEGOC энергетикалық компаниясының «Қазақстаннның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің режимдерін басқаруды автоматтандыру» жобасы бойынша жұмыстар әзірге жалғасуда.