Инвестор Қызылорда облысында қуаты 10 МВт КЭС құрылысын аяқтады

Инвестор Қызылорда облысында қуаты 10 МВт КЭС құрылысын аяқтады

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қуаты 10 МВт күн электр станциясының құрылысы аяқталды, деп хабарлады Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі.

Жобаны ресейлік «Хевел» компаниясының еншілес кәсіпорны «Хек-Кт» ЖШС іске асырды.

КЭС-те күнді бақылау жүйесі бар жоғары тиімді күн модульдері орнатылған. Бұл жүйе фотоэлектрлік жүйе орналасуының статистикалық әдісімен салыстырғанда электр энергиясын өндіруді орта есеппен 20-25%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

КЭС құрылысы кезінде 100-ге жуық адам тартылды, жобада 10 тұрақты жұмыс орны құрылды.

2020 жылы «Хевел» компаниялар тобы Қазақстанда, Алматы облысында «Қапшағай» КЭС (3 МВт) және «Сарыбұлақ» КЭС (4,95 МВт) салған болатын.

«Хевел» компаниясы 2021 жылдың бірінші тоқсанында Шымкент қаласындағы «Шымкент» КЭС (20 МВт), Түркістан облысындағы «Кентау» КЭС (50 МВт) және Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» КЭС (10 МВт) пайдалануға енгізді.

Инвестор сәуір айының соңына дейін Түркістан облысында Шоқтас КЭС (50 МВт)  және Күшата КЭС (10 МВт) пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Объектілерде  негізгі жұмыстар аяқталды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Осылайша, Қазақстанның оңтүстігінде «Хевел» компаниялар тобы жобаларының жиынтық қуаты 148 МВт-қа жетеді. 2020 жылғы қазандағы жағдай бойынша Қазақстандағы топ жобаларының жалпы көлемі 248 МВт құрайды.

Анықтама үшін:

«Хевел» компаниялар тобының негізі 2009 жылы қаланған, күн энергетикасы саласындағы Ресейдегі ең ірі біріктірілген компания болып табылады. Компанияның құрылымына үш бөлімше кіреді: Новочебоксарсктегі (Чуваш Республикасы) күн модульдерін өндіру жөніндегі зауыт, күн электр станцияларын жобалайтын, салатын және пайдаланатын даму бөлімшесі, сондай-ақ фотовольтаика саласындағы Ресейдегі ең ірі бейінді ғылыми ұйым болып табылатын энергетикадағы жұқа қабатты технологиялар ғылыми-техникалық орталығы (Санкт-Петербург қ.).