Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі «Сұйық және газ түріндегі көмірсутектерді тасымалдауға арналған магистральдық құбырларға қойылатын талаптар туралы» Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) техникалық регламентін қабылдады.
Техникалық регламент (ЕАЭО 049/2020 ТР) ЕАЭО Кеңесінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 121 шешімімен қабылданды.
Аталған талаптар 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Техникалық регламент Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қолдану және орындау үшін міндетті жобалау (инженерлік ізденістерді қоса алғанда), салу (реконструкциялау), пайдалану (қабылдау және пайдалануға беру, консервациялау), кәдеге жарату (жою) кезінде сұйық және газ түріндегі көмірсутектерді тасымалдауға арналған магистральдық құбырларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ олардың сәйкестігін бағалау және Одақ нарығындағы өнімді айналымның бірыңғай белгісімен таңбалау қағидаларын белгілейді.
Сонымен қатар осы құжатта магистральдық құбырлардың құрамына кірмейтін объектілер, ғимараттар мен құрылыстардан магистральдық құбырларға дейінгі ең аз арақашықтықтары тізбесі қамтылған.
Техникалық регламенттің талаптары газ тарату және газ тұтыну желілерінің құбырларына, автономды газбен жабдықтау және автомобильді газ толтыру компрессорлық станциялары желілерінің құбырларына, теңіз құбырларына, кәсіпшілік және кәсіпшілік-аралық құбырларға, жеңіл көмірсутектердің кең фракциялары мен сұйытылған көмірсутек газдарын тасымалдау құбырларына, сондай-ақ көмірсутек шикізатын өндіру және (немесе) қайта өндеу технологиялық процестерін жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге арналған құбырларға қолданылмайды.
ЕАЭО елдері Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдерінің нарығын қалыптастыру жөніндегі бағдарламаларға (Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 18 және № 23 шешімдерімен бекітілген) сәйкес 2025 жылға қарай ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдерінің нарығын құру шеңберінде газ және мұнай тасымалдау жүйелерінің жұмыс стандарттарын біріздендіретін болады.
Техникалық регламенттің мәтінімен Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында https://docs.eaeunion.org/docs/ru-ru/01428361/err_31122020 сілтемесі бойынша танысуға болады.