
Астана, 2026 жылғы 5 қазан – Астанада Доңға кен орны бойынша Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) шеңберінде даулы мәселелерді реттеу туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Руслан Балықбаев «PSA» ЖШС және жоба операторы Dunga Operating GmbH өкілетті органдары өкілдерінің қатысуымен қол қойды. Бұдан әрі келісім консорциумның шетелдік серіктестері – Oman Oil Company Limited және PTTEP Corporation компанияларына қол қою үшін жолданады.
Қол қойылған келісім тараптар арасындағы мердігердің жекелеген тарихи шығындарын өтеуге қатысты көпжылдық дауды реттеуді жолға қояды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанның пайдасына келісілген қаржылық өтемақы төлеуді, сондай-ақ активті игеруге бағытталған ауқымды инвестицияларды одан әрі жалғастыруға жағдай жасауды көздейді.
Даудың реттелуі 2026–2039 жылдарға арналған кен орнын игерудің жаңа жоспарын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатта 67,4 млн баррель мұнай өндіру, капиталдық және операциялық инвестициялар тарту көзделген.
«Доңға кен орнының әлеуеті жоғары және елдің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызға ие. Жобаға ұзақ уақыт бойы жинақталған өтелмейтін шығыстарға қатысты даулы мәселелер кедергі келтіріп келді. Қол жеткізілген уағдаластықтар ұзаққа созылатын сот рәсімдеріне жүгінбей-ақ мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді және жаңа инвестициялық циклге жол ашады. Келісімге қол қою жер қойнауын ұтымды әрі ұзақ мерзімді игерудің негізін қалап, экономикамызға елеулі пайда әкеледі», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Қол қойылған келісім Қазақстанның тұрақты әрі болжамды инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге бейілділігін растайды. Қазақстан тарапы ұлттық басымдықтар мен 1994 жылдан бері елде жұмыс істеп келе жатқан халықаралық серіктестердің мүдделерін ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін ашық және сындарлы диалогты ұстанады.