
2026 жылғы 21–23 қыркүйек аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын бірлесіп іске асыру туралы Үкіметаралық келісім жобасы бойынша үшжақты келіссөздердің үшінші раунды өтті.
Келіссөздерге үш елдің бейінді мемлекеттік органдарының, оның ішінде энергетика, су ресурстары, сыртқы істер министрліктерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров басқарды. Келіссөздерге сондай-ақ Энергетикалық қадағалау және бақылау мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев қатысты.
Келіссөздерге бақылаушы ретінде Үкіметаралық келісім жобасын әзірлеу барысында тараптарға техникалық қолдау көрсетіп отырған Дүниежүзілік банктің өкілдері қатысты.
Үшінші раунд аясында тараптар келісім жобасының негізгі ережелерін, оның ішінде жобаны бірлесіп іске асыру және басқару тетіктерін, қаржыландыру және міндеттемелерді бөлу мәселелерін, сондай-ақ үш мемлекеттің одан әрі іс-қимылдарын үйлестіру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар келісім жобасының жекелеген келісілмеген ережелерін пысықтауда қол жеткізілген ілгерілеуді атап өтіп, қалған мәселелерді өзара құрмет, әр тараптың мүдделерін ескеру және өзара қолайлы шешімдер әзірлеуге ұмтылу қағидаттары негізінде келісуді жалғастыру туралы уағдаласты.
Қазақстан үшін Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасына қатысу су ресурстары мен энергетика салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, Орталық Азияның энергетикалық жүйелерінің тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі өзара тиімді пайдалану тетіктерін дамыту тұрғысынан маңызды мәнге ие.
Үкіметаралық келісім жобасы бойынша келіссөздердің бірінші раунды 2026 жылғы 31 наурыз – 2 сәуір аралығында Бішкек қаласында, екінші раунды 28–30 сәуір аралығында Ташкент қаласында өтті. Үшінші раундтың Алматы қаласында өткізілуі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жобаны бірлесіп іске асырудың негізгі шарттарын келісу бойынша дәйекті жұмысының кезекті кезеңі болды.