
Қазақстанда Еңбек күні қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл – өз еңбегімен елдің дамуына негіз қалайтын, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін және кәсіби білімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін еңбек адамдарына арналған күн.
Үш ұрпақ, отбасының тоғыз мүшесі және энергетика саласындағы 252 жылдық жиынтық еңбек өтілі – өмірін электр энергетикасымен байланыстырған Запольскийлер әулетінің тарихы осындай. Бүгінде отбасылық дәстүрді үшінші ұрпақ жалғастырып келеді.
Әулеттің негізін қалаған Александр Васильевич Запольский энергетика саласына 46 жылын арнады. Ол «Алтайэнерго» және «АЭС Қазақстан» жүйесінде еңбек етіп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Адал еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның жұбайы Лидия Ивановна да 36 жыл бойы «Алтайэнерго» жүйесінде еңбек етті.
Олардың үш ұлы – Дмитрий, Алексей және Иван – ата-анасының кәсіби жолын жалғастырды. Дмитрий энергетика саласында 22 жыл еңбек етті, оның жұбайы Татьяна Борисовна – 39 жыл. Иван Александровичтің саладағы еңбек өтілі 30 жыл, ал оның жұбайы Елена Георгиевна энергетикаға 21 жылын арнаған. Алексейдің жұбайы Марина Владимировна да осы салада 23 жыл еңбек етіп келеді.
Бүгінде Алексей Александрович Запольский «KEGOC» АҚ «Шығыс ЖЭТ» филиалын басқарады. Оның кәсіби жолы электромонтер қызметінен басталып, диспетчер, бас инженер және филиал басшысы лауазымдарына дейін жалғасты. 1998 жылдан бері оның еңбек жолы KEGOC компаниясымен байланысты.
Еңбек дәстүрін Алексейдің ұлы Евгений Запольский де жалғастырып келеді. Ол 2021 жылдан бері Новосібір қаласындағы «Электромагистраль» АҚ-да шебер болып жұмыс істейді.
Запольскийлер отбасы үшін энергетика – жай ғана мамандық емес, отбасылық тарихтың бір бөлігі. Ұрпақтан ұрпаққа кәсіби білім мен тәжірибемен қатар жауапкершілік, тәртіп және өз ісіне деген құрмет беріледі.
252 жылдық жиынтық еңбек өтілі – энергетика саласының дамуы мен сенімді жұмыс істеуіне өз еңбегімен үлес қосып келе жатқан бірнеше ұрпақтың тарихы.