
Атырау, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Атырау облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңірдің отын-энергетика кешенінің қазіргі даму көрсеткіштері, көмірсутектерді терең өңдеуді дамыту жоспарлары және өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселелері таныстырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста мұнай өндіру көлемі 61,9 млн тоннаны құрады, ал ағымдағы жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 37,7 млн тоннаға жетті. Теңіз кен орнында Келешек кеңейту жобасы аяқталды. Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде, құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар қуаты 2,5 млрд текше метр болатын 2А фазасының зауыты жобалануда.
Көмірсутектерді терең өңдеу секторында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен және 340 мың тонна бутадиен өндіретін кешендерді салу жобалары іске асырылуда.
«Жаңа буынның заманауи өңдеу қуаттарын салу халықаралық экологиялық қатаң стандарттарға негізделеді. Бұрынғы жылдардағы өндірістерден айырмашылығы, қазіргі заманғы кешендер қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға бағытталып жобаланады. Біздің міндетіміз – жоғары технологиялық өндірістер құру, кластерлер айналасында ілеспе кәсіпорындарды жергіліктендіру және жергілікті мамандарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», – деп атап өтті Ерлан Акбаров.
Өңірді жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты. Облыста жұмыс істеп тұрған 124 автожанармай құю станциясының барлығы отынмен толық қамтамасыз етілген. Мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізілімдер бекітілген кестелерге сәйкес тұрақты түрде жүзеге асырылуда, іркілістер тіркелмеген. Жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуіне және сатушылар тарапынан жосықсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізеді.
Сұйытылған мұнай газының бөлшек саудада өткізілуі де штаттық режимде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыста 107 автогаз құю станциясы және 5 газ толтыру станциясы жұмыс істейді.
Өңірді электр энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру мақсатында 2030 жылға дейін қосымша энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарлануда. Биыл «Атырау ЖЭО» ЖШС қуаты 25 МВт турбина** мен 33 МВт қазандықты іске қосуды жоспарлап отыр. Құлсары қаласында қуаты 250 МВт бу-газ қондырғысын салу көзделген.
Бұдан бөлек, «Атырау ЖЭО» ЖШС станцияны кеңейту бойынша жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газ-турбиналық қондырғыны салу жобасын іске асыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар «KEGOC» АҚ Батыс аймақтың энергия жүйесін Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасын іске асыруда. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Кездесу соңында Ерлан Акбаров облыс тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Азаматтар көтерген мәселелер тіркеліп, Энергетика министрлігінің бейінді департаменттерінің жұмысына қабылданды.