Нұрлан Ноғаев Қызылорда облысының энергиямен жабдықтау жүйесімен танысты

Нұрлан Ноғаев Қызылорда облысының энергиямен жабдықтау жүйесімен танысты

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысындағы бірқатар энергиямен жабдықтау нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚР ЭМ Баспасөз қызметі.

Сапардың алғашқы нысаны «Қызылорда электр тарату желілері» АҚ болды.

Аталған нысан 1964 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде онда 1016 адам қызмет атқарады. Компания аймаққа электр энергиясын беру және таратумен айналысады. Қазіргі таңда облыс бойынша электр желілері желілерінің ұзындығы 10 046,3 км құрайды, оның ішінде әуе желілері 9924,4 км, кабельдік желілері – 121,9 км құрайды.

Мұнан соң министр мен облыс әкімі «Қызылорда жылу электрорталығы» болды. Аталған орталық 1964 жылы іске қосылған және облыс орталығын орталықтандырылған жылумен қамтитын бірегей нысан. Орталыққа қарасты қала бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 186,8 км құрайды.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қос нысанды жаңғырту бойынша Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа ұсыныстарын жеткізді. 

Сонымен қатар, энергетика министрі Жосалы кентіндегі «Жосалы» ҚС-220-35/10 кВ электр станциясына жүргізілген қайта жаңарту жұмыстарымен танысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қармақшы ауданында электр желілері мен қосалқы станцияларды қайта жаңартудың 3 жобасы бойынша жұмыстар аяқталуда. Оның ішінде бір жоба «Жосалы» 220/35/10 кВ электр станциясының электро желілерін жаңғырту бойынша.

Жобаны жүзеге асыру барысында қуаты 25 МВА 220/35/10 кВ пен 6,3 МВА 35/10 кВ  трансформаторлары орнатылып, 220 кВ және 35 кВ тарату құрылғысы салынатын болады. Сонымен қатар, сыртқы қондырғыларға арналған ашық тарату құрылғысын салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев «Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңарту» және «Төретам кентінің 35/10 кВ № 22 қосалқы станциясын кеңейту және қайта жаңарту» жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Осы жобаларды іске асыру энергия тұтыну режимдерін оңтайландыруға, қазіргі заманғы жабдықтарды қолдану және жаңа технологияларды енгізу есебінен электр энергиясының ысырабын азайтуға ықпал ететін болады, сондай-ақ 18 304 тұтынушыны сапалы үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.