Энергетика министрлігі алдағы жылыту маусымына халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Көмір жеткізілімдерін үйлестіру үшін Республикалық штаб жұмыс істейді, ал отын қозғалысын бақылау жасанды интеллект элементтері мен предиктивті талдау құралдары енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 1,6 млн тонна, халық үшін – 5,7 млн тонна.
Министр өткен жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге нақты қажеттілігі 8,3 млн тоннаны құрағанын атап өтті. Бұл 2035 жылға дейін газбен қамтудың Бас схемасын жүзеге асыруға байланысты.
Өңірлерді қатты отынның қажетті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жасанды интеллект және предиктивтік талдау элементтері енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірледі. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагонды пайдалана отырып жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторының қызметі және 1,2 млн-нан астам тұтынушы туралы мәліметтер біріктірілген.
Платформа нақты уақыт режимінде көмірдің өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тапшылық тәуекелдері мен бекітілген кестелерден ауытқуларды автоматты түрде анықтайды.
Ерлан Ақкенженов атап өткендей Министрлік ішкі нарықты қажетті көмір көлемімен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады.
📱 @KZgovernment