Энергетикада 24 инвестициялық келісім 3,8 ГВт қуаттылықты қамтамасыз етеді

Энергетикада 24 инвестициялық келісім 3,8 ГВт қуаттылықты қамтамасыз етеді

Бүгін Жақып Хайрушевтің төрағалығымен Энергетика министрлігінің отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Талқылау барысында қатысушылар қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту және электр энергетикасындағы инвестициялық тетіктерді жетілдіру, баламалы энергетиканы дамыту перспективаларын, сондай-ақ салада жүргізіліп жатқан реформаларды талқылау және мониторинг жүргізу алаңы ретінде жыл сайынғы Powerexpo Almaty форумын өткізу жайын қарастырды.
Энергетикалық нысандарды жаңғыртуға, кеңейтуге, қалпына келтіруге және жаңартуға бағытталған инвестициялық келісімдер тетіктеріне ерекше назар аударылды. Барлығы 963 МВт жалпы қуаттылықпен 9 инвестициялық келісім жүзеге асырылды. Бүгінде жалпы қуаттылығы 3,8 ГВт болатын 24 инвестициялық келісім жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар қатысушылар күн және жел генерациясын, гидроэнергетика мен сутегі энергетикасын дамыту бағыттарын талқылады. ЖЭК-ті одан әрі интеграциялау аясында энергия жинақтау жүйелерін дамыту жайы да қарастырылды.
2035 жылға дейін қосымша 8 ГВт астам ЖЭК қуатын іске қосу көзделген. Сондай-ақ энергия жинақтау жүйелерін, таратылған генерацияны дамыту және Сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын 2040 жылға дейінгі кезеңге жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері талқыланған бағыттар аясында өз ұсыныстарын білдірді.