Талдау, дашбордтар және чат-бот: KOREM электр энергиясы нарығына арналған жаңа цифрлық порталын іске қосты

Талдау, дашбордтар және чат-бот: KOREM электр энергиясы нарығына арналған жаңа цифрлық порталын іске қосты

«Қазақстан электр энергиясы мен қуаты нарығының операторы» АҚ Қазақстанның электр энергиясы нарығын талдауға арналған жаңа буынның аналитикалық цифрлық порталын қамтитын жаңартылған интернет-ресурсын іске қосты. Жаңа платформа интерактивті талдауды, статистикалық деректерді және «KOREM» АҚ жүзеге асыратын функцияларды мониторингтеу құралдарын біріктіреді.

Жаңа интернет-ресурстың негізгі бөлігі – KOREM ақпараттық порталы. Бұл нарық қатысушыларына, мемлекеттік органдарға және сарапшылар қауымдастығына Қоғам көрсететін қызметтер бойынша интерактивті статистика мен аналитикалық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық аналитикалық платформа.

Жаңа цифрлық порталдың іске қосылуы «KOREM» АҚ-ның 2025–2035 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асыру кезеңдерінің бірі болып табылады. Стратегия инновациялық шешімдерді енгізуді, процестерді цифрландыруды және нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді көздейді.

Порталдың негізгі құралдарының бірі – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына арналған аналитикалық дашборд. Бұл ақпараттық панель 2023 жылғы 1 шілдеден бастап өткізілген сауда-саттық нәтижелерін талдауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен пайдаланушылар сұраныс пен ұсыныстың динамикасын, жасалған мәмілелер көлемін, орташа өлшенген бағалардың өзгерісін, нарық қатысушыларының сауда белсенділігін бақылап, әртүрлі кезеңдердегі көрсеткіштерді салыстыра алады. Сонымен қатар теңгерімсіздіктерді сатып алу-сату, олардың түрлері, құны, теңгерімдеу аймақтары, шектес мемлекеттермен жүргізілетін операциялар және теңгерімдеуші электр энергиясының сағаттық көлемдері туралы ақпарат қолжетімді болады.

Жаңа интернет-ресурс құрамына пайдаланушыларға қажетті ақпаратты жылдам табуға және платформаның цифрлық сервистерін тиімді пайдалануға көмектесетін интеллектуалды чат-бот та енгізілген.

Алдағы уақытта «KOREM» АҚ жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы порталдың аналитикалық мүмкіндіктерін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектті пайдалану деректерді өңдеу құралдарын кеңейтуге, нарықтағы үрдістерді анықтауға және пайдаланушылардың аналитикалық ақпаратпен жұмыс істеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сайтқа сілтеме: https://new.korem.kz/kz