
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен бірлесіп, газ инфрақұрылымын дамыту және халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы жұмыстың кезекті нәтижесі ретінде Қосшы қаласын газдандыру жобасы толық аяқталды. Соның арқасында 72 мыңға жуық тұрғын экологиялық таза отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Жобаның екінші және үшінші кезеңдері пайдалануға берілгеннен кейін табиғи газға Қосшы қаласының барлық шағын аудандарының, сондай-ақ «Лесная поляна» тұрғын алабы мен Diamond Park тұрғын қалашығының тұрғындары қол жеткізді.
Жобаның соңғы кезеңдерін іске асыру аясында 194 шақырым газ құбыры және 24 шкафтық газ реттеу пункті пайдалануға берілді. Жалпы Қосшы қаласын газдандыру үшін 357 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, бір блоктық және 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының 24 елді мекені табиғи газға қол жеткізді. 2027–2028 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарының тағы 12 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр.
Жалпы, 2026 жылы Қазақстанда газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде тағы шамамен 36 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өңірлерді газдандыру қарқынын жеделдетуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.