Қашаған газ өңдеу зауыты құрылысының қарқыны 60 пайызды құрайды

Қашаған газ өңдеу зауыты құрылысының қарқыны 60 пайызды құрайды

Атырау облысы, 21 шілде -  Қашаған газ өңдеу зауытындағы EPC жұмыстарының орындалу деңгейі 60 пайызға жетті. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 1 млрд текше метр ілеспе газды өңдеп, жыл сайын шамамен 727 млн текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді.

Атырау облысына жұмыс сапары барысында жобаның іске асырылу барысын Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бағалады.

Жобаны «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «GPC Investment» ЖШС іске асыруда. Зауыт еліміздің газ өңдеу саласындағы негізгі нысандардың біріне айналып, Қашаған кен орнын игеру барысында өндірілетін ілеспе газды өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңына негізгі жабдықтың 97 пайызы жеткізілді. Вахталық кент пен ірі көлемді жүктерді жеткізуге арналған теміржол инфрақұрылымының құрылысы аяқталды. Жобаны іске асыруға шамамен екі мың маман тартылған. Технологиялық жабдықтарды монтаждау, инженерлік коммуникацияларды тарту және негізгі өндірістік нысандардың құрылысы жалғасуда.

Нысанға бару барысында министрге құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, жабдықтарды жеткізу және жобаның келесі кезеңдерін іске асыру туралы ақпарат ұсынылды. Тапсырыс берушінің мәліметінше, құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жедел қарқынмен жүргізілуде.

«Қашаған газ өңдеу зауыты Қазақстанның газ саласын одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Газ өңдеу зауытын іске қосу ілеспе газды өңдеу көлемін ұлғайтуға, еліміздегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірін игеру тиімділігін арттыруға және ішкі нарықты қосымша көлемдегі тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі міндетіміз – кәсіпорынды белгіленген мерзімде пайдалануға беру», – деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов сапар қорытындысы бойынша.

«Жобаны іске асыру жұмыстары QazaqGaz-дың тұрақты бақылауында. Жобаның ел экономикасына маңыздылығын ескере отырып, біз Қашаған газ өңдеу зауытының жоғары сапалы, құрылыс жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», – деді «QazaqGaz» АҚ» Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов.