
Атырау, 2026 жылғы 21 шілде. Теңіз кен орнын кеңейтудің ең ірі кезеңі аяқталғаннан кейін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) жобалық өндірістік қуатына шықты. Тәуліктік мұнай өндіру көлемі шамамен 120 мың тоннаға жетті. Компания 2026 жылдың қорытындысы бойынша 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ТШО басшылығымен мұнай өндірудің қазіргі деңгейін, компанияның жоспарларын және кәсіпорынның сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
ТШО жобасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Жоба бойынша келісімге 1993 жылы қол қойылды. Осы уақыт ішінде кен орнында көмірсутектерді өндіру, дайындау және өңдеу бойынша заманауи нысандарды қамтитын ірі өндірістік кешен қалыптастырылды.
Теңіз кен орнын дамытудың маңызды кезеңі Болашақ кеңейту жобасы мен Ұңғы сағасындағы қысымды басқару жобасының аяқталуы болды. Бұл жобалардың іске асырылуы кен орнының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, мұнай өндіру көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Кеңейту жобасы аясында 2024–2025 жылдары жаңа өндірістік нысандар пайдалануға берілді. 2025 жылғы қаңтарда Үшінші буын зауытында алғашқы мұнай өндірілді. Қазіргі уақытта кеңейту жұмыстары толық аяқталып, жаңа өндірістік қуаттар жоспарланған деңгейге шықты. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ТШО 16,6 млн тонна мұнай өндірді. Жыл қорытындысы бойынша компания өндіріс көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Ерлан Ақкенженов өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жыл соңына дейін қажетті өндіріс қарқынын сақтау маңызды екенін атап өтті.
«Теңіз – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі жобалардың бірі. Жаңа өндірістік қуаттар жобалық деңгейге шықты. Ендігі міндет – бүкіл өндірістік кешеннің тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Біз ТШО-дан жыл соңына дейінгі кезеңге арналған, мәлімделген мұнай өндіру көлеміне қол жеткізу бойынша нақты іс-шараларды қамтитын айқын жоспар күтеміз», – деді Ерлан Ақкенженов.
ТШО Бас директоры Билли Лакоби компания үшін негізгі басымдық Қазақстан Республикасының игілігі үшін қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және өндірістің сенімділігі ТШО-ның негізгі басымдықтары болып қала береді. Біз нысандарды қауіпсіз пайдалануға және өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіруге ерекше көңіл бөлуді жалғастырамыз», – деді Билли Лакоби.
Кездесу барысында өндірістік нысандардың сенімділігі мен технологиялық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қазақстандық қамтуды дамыту және жоба қызметін қамтамасыз етуге отандық өнім берушілердің қатысуын кеңейту мәселелері қаралды. ТШО-ның мұнай өндіру көлемі, өндірістік көрсеткіштері және нысандарының сенімді жұмысы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында.