Жасанды интеллект агенттері Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін басқаруға көмектесуде

Жасанды интеллект агенттері Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін басқаруға көмектесуде

Энергетика саласын цифрлық трансформациялау жөніндегі Энергетика министрлігінің бағыты аясында «KEGOC» АҚ жасанды интеллектіні әкімшілік үдерістерге ғана емес, өндірістік қызметті басқару жүйесіне де кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Қазақстанның Ұлттық электр желісін басқаратын әрі күн сайын техникалық, қаржылық және басқарушылық ақпараттың ауқымды көлемімен жұмыс істейтін компания үшін жасанды интеллект тиімділікті арттырудың нақты құралына айналуда.

Бұл трансформацияның басты мақсаты – күнделікті қайталанатын жұмыстарға жұмсалатын уақытты қысқарту, талдау сапасын арттыру және қызметкерлердің механикалық ақпарат өңдеуге емес, басқарушылық шешімдер қабылдауға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау.

Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты «KEGOC» АҚ жасанды интеллект бағытындағы барлық бастамаларын бірыңғай дамыту бағдарламасына біріктірді. Бағдарламаға корпоративтік сервистерді, өндірістік қызметті, электрондық құжат айналымы жүйесін және ұзақ мерзімді цифрлық шешімдерді қамтитын 35 жоба енгізілді. Жұмыстар «KEGOC» АҚ мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жол карталары аясында жүзеге асырылуда.

Негізгі бағыттардың бірі – корпоративтік жасанды интеллект агенттерін енгізу. Компания типтік міндеттердің орындалуын жеделдететін және қызметкерлердің жүктемесін азайтатын цифрлық көмекшілерді дамытып келеді. Бүгінде еңбекті қорғау, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік (HSE) бойынша ЖИ-ассистенті, PR және сыртқы коммуникациялар жөніндегі агент, ЖИ-рекрутер және ішкі нормативтік құжаттар бойынша агент іске қосылды.

Бұл шешімдер корпоративтік білім базасымен жұмыс істейді, қажетті ақпаратты іздеуге және талдауға, материалдар дайындауға, кадрлық әрі әкімшілік үдерістерді сүйемелдеуге көмектеседі. Яғни жасанды интеллект бұрын қолмен орындалып, мамандардың көп уақытын алатын қайталанатын жұмыстардың едәуір бөлігін өз мойнына алады.

Жақын арада келесі кезең ретінде қаржылық талдау бойынша ЖИ-агент іске қосылады. Бұл құрал қаржылық бақылауды, деректерді шоғырландыру мен талдауды жеделдетуге, сондай-ақ есептілікті дайындау кезінде қол еңбегінің көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Басқарушылық деңгей үшін бұл сапалы талдамалық ақпаратқа жедел қол жеткізуді және шешім қабылдау жылдамдығын арттыруды білдіреді.

Өзінің ЖИ-агенттерімен қатар «KEGOC» АҚ қолданбалы міндеттерді шешуге арналған басқа да цифрлық құралдарды пайдаланады. Олардың қатарында қазақ және ағылшын тілдеріне аударма сервистері, нормативтік құқықтық актілер бойынша агент, сатып алу жөніндегі ассистент, ИСЭЗ бойынша кеңесші, валюталық операцияларды үйлестіру агенті, техникалық ерекшеліктерді талдау құралы және электрондық құжат айналымы жүйесін жеті ЖИ-агентті енгізу арқылы цифрлық трансформациялау жобасы бар. Мұның бәрі жасанды интеллект күнделікті жұмыс процесінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқан бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастырады.

«KEGOC» АҚ үшін келесі кезең өндірістік талдауға жасанды интеллектіні енгізумен байланысты. 2026 жылы компания рационализаторлық ұсыныстарды, электр энергиясы нарығын, шығындар мен ауытқуларды талдау, сондай-ақ жөндеу науқанын мониторингтеу бойынша шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр.

Инфрақұрылымдық компания үшін мұндай құралдардың маңызы ерекше. Олар деректерді жылдам өңдеуге, ауытқуларды дәлірек анықтауға, жоспар-факт бақылауын күшейтуге және жұмыстардың уақытында орындалмау тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда жасанды интеллект жай ғана цифрлық сервис емес, инженерлік және басқарушылық шешімдерді қолдау құралына айналады.

Бүгінде «KEGOC» АҚ ішінде жасанды интеллект құралдары белсенді қолданылуда. Қазіргі уақытта оларды компанияның шамамен 2 750 қызметкері пайдалана алады. Ең көп сұранысқа ие сервистер – аударма құралдары. Сонымен қатар бейінді бөлімшелер өз міндеттеріне бейімделген арнайы ЖИ-агенттерін барған сайын жиі қолдануда. Егер сервистер іске қосылған алғашқы кезеңде ай сайын шамамен 1 417 сұраныс өңделсе, бүгінде бұл көрсеткіш 4,5 еседен астам өсіп, 6 500-ден асты.

Бұл өсім жасанды интеллектінің енді тәжірибелік жоба ғана емес, күнделікті жұмыстың қалыпты құралына айналып келе жатқанын көрсетеді. Компания қызметкерлерінің айтуынша, цифрлық көмекшілер қажетті ақпаратты жылдам табуға, құжаттарды дайындау уақытын қысқартуға және типтік міндеттерді артық қол еңбегінсіз орындауға мүмкіндік береді.