Қызылорда облысында 6 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді

Қызылорда облысында 6 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді

Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Вице-министр газ инфрақұрылымын дамыту жөнінде ақпарат берді. Бүгінде Қызылорда облысында газдандыру деңгейі 83,2%-ды құрайды. Табиғи газға 704 мыңға жуық тұрғын мен 60 елді мекен қол жеткізген. 2026 жылы газбен жабдықтау бойынша 13 жаңа жобаны іске асыруды бастау, сондай-ақ Ақжарма, Сабалақ және Қамыстыбас елді мекендерінде газ желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде табиғи газға қосымша 6 мыңға жуық тұрғын қол жеткізеді.

Кездесу барысында электр энергетикасын дамыту мәселелері де қаралды. Өңірдегі электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мақсатында қуаты 240 МВт болатын заманауи бу-газ қондырғысы пайдалануға берілді.

«Жасыл» энергетиканы дамыту жөнінде сөз сөйлеген Санжар Жаркешов Қызылорда облысында бүгінде жалпы қуаты 129 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің сегіз нысаны жұмыс істейтінін атап өтті. 2027 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 210 МВт болатын тағы жеті жобаны іске қосу жоспарланған. Ал биылғы аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша айқындалған жобалар 2028 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.

Тұрғындар газбен, электрмен және жылумен жабдықтауға қатысты мәселелерді көтерді. Вице-министр әрбір көтерілген мәселе бойынша жан-жақты түсініктеме беріп, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып өтті.

Кездесу қорытындысында вице-министр Қызылорда облысының отын-энергетика кешенін дамытуға қатысты барлық мәселелер Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.