Ақтөбе облысында 17 шақырым жылу желісі мен 300 шақырым электр желісі жаңғыртылуда

Ақтөбе облысында 17 шақырым жылу желісі мен 300 шақырым электр желісі жаңғыртылуда

Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Ақтөбе облысындағы жылу және электр энергетикасы нысандарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында Комитет төрағасы «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-да болып, жөндеу науқанының өтуі мен негізгі жабдықтардың жылыту маусымына дайындығын қарады. Биыл кәсіпорында үш қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған, оның біреуі аяқталған. Сондай-ақ төрт турбоагрегатқа жөндеу жүргізу көзделген, оның біреуі де толық аяқталды. Станция басшылығына жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау және олардың сапасына өндірістік бақылауды күшейту тапсырылды.

Ақтөбе қаласының едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз ететін «Aqtobe su-energy group» АҚ нысандарына ерекше назар аударылды. «Батыс» және «Нұр Сити-2» қазандықтарын аралау барысында жабдықтармен қамтамасыз етілу және жөндеу жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ Комитет төрағасына жылумен жабдықтау нысандарын жедел басқаруды және жылу желілерінің жай-күйін бақылауды жүзеге асыратын орталық диспетчерлік қызметтің жұмысы таныстырылды.

Ақтөбе облысындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 416 шақырымды құрайды, олардың орташа тозу деңгейі – 39,3%. Биыл Ақтөбе қаласында 17,6 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Ұлттық жоба аясында жалпы ұзындығы 5,2 шақырым болатын жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған төрт жоба іске асырылуда. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 27%-ға дейін төмендету күтіледі.

Жылу желілерін жөндеу және жаңғырту жобаларының іске асырылу барысын қарау кезінде Комитет төрағасы жұмыстарды жандандыру және жоспарланған көлемдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Жауапты ұйымдардың басшыларына жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жоспарланған іс-шараларды орындау жөнінде тапсырмалар берілді.

Комитет төрағасы өңірдің электр желілік кешенінің жай-күйімен де танысты. «Энергосистема» ЖШС теңгерімінде 14,3 мың шақырымнан астам электр беру желілері мен 173 қосалқы станция бар. 2026 жылы 304 шақырым электр беру желісіне, 14 қосалқы станцияға және 65 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Сондай-ақ ол KEGOC АҚ-ның 500 кВ «Өлке» қосалқы станциясында болып, Батыс энергетикалық торабын Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасының іске асырылу барысымен танысты. Нысанды жаңғырту аяқталғаннан кейін транзиттік өткізу қабілеті 500 МВт-қа дейін артып, Ұлттық электр желісінің тұрақтылығы мен өңір тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігі күшейеді.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Ержан Ертаев өңірдің энергетикалық кәсіпорындарының басшыларымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық, магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобаларын іске асыру, жылу және электр энергетикасы нысандарындағы жөндеу науқанының орындалуы, сондай-ақ өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Комитет төрағасы жөндеу науқанын уақытылы аяқтау және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асыру алдағы жылыту маусымынан сенімді өту үшін негізгі шарттар екенін атап өтті. Энергетикалық кәсіпорындардың басшыларына жөндеу жұмыстарының бекітілген кестелерін мүлтіксіз орындауды, жылу және электр желілерін жаңғырту жобаларын уақытылы іске асыруды, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңнен сенімді өту үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.