Энергетика министрлігі көмір химиясы саласын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі

Энергетика министрлігі көмір химиясы саласын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Көмір өнеркәсібі форумында «Көмір химиясы – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық» тақырыбында баяндама жасады.

Санжар Жаркешовтің айтуынша, жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында Қазақстан көмірді тек энергия көзі ретінде ғана емес, сонымен қатар терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруге мүмкіндік беретін бағалы шикізат ретінде қарастырады.

«Көмір химиясын дамыту көмірді дәстүрлі түрде пайдаланудан сұранысқа ие химиялық өнімдер шығаруға, жаңа өндірістер құруға және елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Қазіргі уақытта елімізде көмір негізінде металлургиялық кокс пен синтетикалық отын өндіру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар көмірден газ, аммиак, карбамид және терең өңдеу өнімдерінің басқа да түрлерін өндіру бойынша бастамалар пысықталуда.

Сондай-ақ инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Энергетика министрлігі салалық қатысушылармен бірлесіп 2026–2031 жылдарға арналған көмір химиясы саласын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі.

Бұдан бөлек, саланы дамытудың маңызды факторы ретінде өнім өткізу нарығының кепілдендірілген болуы атап өтілді. Мемлекет пен ұлттық компаниялар көмір химиясы өнімдеріне, оның ішінде тауарлық газға, жанар-жағармай материалдарына және олефиндерге ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігін қарастыруға дайын.