
2026 жылғы 3 маусымда «Адал азамат» 2025–2027 жылдарға арналған жол картасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің студенттері үшін «Астана-Энергия» АҚ Астана ЖЭО-2 нысанына танымдық экскурсия ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ студенттерді энергетика саласының қызметімен және мемлекеттік сектордағы кәсіби даму мүмкіндіктерімен таныстыру.
Экскурсия барысында студенттер елордадағы маңызды энергетикалық нысандардың бірі – Астана ЖЭО-2 жұмысының ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар турбиналық (машиналық) залды және бас басқару қалқанын аралап көрді. Мұнда «Астана-Энергия» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Олег Гармонщиков пен бас инженер Нұртілек Тасатқан станцияның негізгі энергетикалық жабдықтарының жұмысы, технологиялық процестерді басқару және бақылау жүйелері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кәсіпорын өкілдері студенттерге жылу электр орталығының өндірістік циклі, жабдықтарды пайдалану ерекшеліктері, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету шаралары және ЖЭО-2 қаланың энергетикалық жүйесіндегі рөлі жөнінде баяндады.
Кездесу барысында Электр энергетикасын дамыту департаменті басқармасының басшысы Берік Зарлық электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету, генерациялау қуаттарын және электр желілік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялар тарту және саланың кадрлық әлеуетін дамыту мәселелері туралы айтты.
Кадрлық саясат департаменті басқармасының басшысы Майгүл Сүлейменова студенттерді мемлекеттік сектордағы кәсіби даму мүмкіндіктерімен таныстырып, энергетика саласы мен мемлекеттік басқару жүйесіне жас мамандарды тартудың маңыздылығын атап өтті.
Осындай іс-шаралар жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға, стратегиялық маңызы бар салалардың қызметі туралы хабардарлығын кеңейтуге және білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар мен энергетика кәсіпорындары арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.