Энергетика министрі азаматтарды қабылдады

Энергетика министрі азаматтарды қабылдады

Азаматтарды қабылдау орталығында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында онлайн форматта өңір тұрғындарының елді мекендерді электрмен жабдықтау және газдандыру мәселелері бойынша өтініштері қаралды.
Жетісу облысының тұрғыны Жамиля Бурабаева Панфилов ауданындағы Аққұдық және Еңбекші ауылдарында тұрақты электрмен жабдықтау мен көше жарығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Өтініште трансформаторлық қосалқы станциялардың тозуына байланысты проблемалар айтылды.
Аталған мәселе бойынша Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті «ТАТЭК» АҚ энергия таратушы ұйымына сұраныс жолдады. Өңір әкімдігімен проблемалық мәселелерді шешу жоспары айқындалды.
Сондай-ақ қабылдау барысында Баубек Китаров Ақтөбе облысындағы ауылдық елді мекендерді газдандыру және газ инфрақұрылымын тартуға қаржы бөлу мәселелері бойынша өтініш білдірді.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында халықты газдандыру деңгейі 97%-ды құрайды. Биыл өңірдегі сегіз ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Байғанин ауданындағы бірқатар елді мекен бойынша Министрлік Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінімдер жолдады. Сонымен қатар кейбір ауылдар бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Қабылдау қорытындысы бойынша Энергетика министрі профильдік бөлімшелер мен мүдделі ұйымдарға көтерілген мәселелерді бақылауда ұстап, оларды шешу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.