
Энергетика министрі Ерлан Аккенженов Швейцарияның Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Джорджо Помпилиомен кездесу өткізіп, оның барысында елдің энергетика секторын дамытудың негізгі бағыттары мен екіжақты ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында министр Қазақстан энергетика саласын жаңғырту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, мұнай-газ кешенін дамыту, шикізатты терең өңдеу, мұнай-газ химиясы мен көмір химиясын кеңейту, сондай-ақ электр энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыттарына ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар, озық технологияларды енгізу және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Тараптар инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту және технологиялық әріптестікті дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан тарапы энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға халықаралық, оның ішінде швейцариялық компаниялардың қатысуын кеңейтуге ашық екенін растап, өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.