
Энергетика министрлігі мен Kazakhstan Success Coking Energy Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қойды. Құжатқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және Success Group компаниясының акционері – басқарма төрағасы Цзинь Шэн қол қойды. Келісім ҚР Үкіметінің қаулысымен мақұлданды.
Жоба Қазақстандағы алғашқы көмір-химия жобаларының бірі болмақ және Қарағанды облысында толық циклді заманауи өндірістік кешен салуды көздейді. Кәсіпорынды іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 2029 жылы жылына 500 мың тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіру жоспарлануда, ал 2031 жылы кәсіпорын толық қуатына шығып, жылына 1 млн тонна өнім өндіретін болады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 63,5 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланған.
Инвестор жоба аясында отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді басымдықпен пайдалануды, сондай-ақ қазақстандық мамандарды даярлау, оқыту және олардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін компания өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыруға да қатысады.
Жобаның ерекшелігі — толық циклді өндірістік кешен технологиясын енгізу: көмір өндіру, кокстеу, металлургиялық кокс өндіру және электр энергиясын генерациялау. Металлургиялық кокс болат балқыту кезінде металлургия өндірісінде қолданылады.
Жобаны іске асыру Қазақстанда заманауи көмір-химия кластерін қалыптастыруға, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін кеңейтуге, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.