Қазақстанда гиперауқымды деректер орталықтарының кластері іске қосылады

Қазақстанда гиперауқымды деректер орталықтарының кластері іске қосылады

Алматы, 5 мамыр – Энергетика министрлігі Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп Ample Solutions Limited және Dominor Partners Ltd. компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Меморандумдар Қазақстан аумағында гипермасштабты деректер орталықтарын құру жобаларын іске асыруды, сондай-ақ цифрлық және энергетикалық қуаттардың мамандандырылған кластерін қалыптастыруды көздейді.

Жасалған келісімдер аясында тараптар ілеспе энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды. Бұл бағытта газ, көмір және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалана отырып генерациялайтын қуат көздерін салу арқылы деректер орталықтарын тұрақты электрмен жабдықтау қамтамасыз етіледі.

Жобаларды іске асыру шеңберінде жабдықтар мен технологиялар өндірісін жергіліктендіруге ерекше назар аударылады. Бұл елдің технологиялық тәуелсіздігін арттырып, өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Қол қойылған құжаттар тәжірибе және технология алмасуды, кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған іс-шараларды, сондай-ақ цифрлық және энергетикалық инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды, соның ішінде “Industrial & Digital Energy Hub” жобасын іске асыру бастамасын қарастырады.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді кезең-кезеңімен іске асыруға дайын екендіктерін растады.

Жобаларды іске асыру инвестициялар тартуға, цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлік технологиялық және энергетикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.