
Бүгін Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша республикалық селекторлық кеңес өтті.
Іс-шараға «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ЦАЭК», «Қазақстандық коммуналдық жүйелер», Еуразиялық топ, «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz Aimaq», «ҚТЖ» басшылары, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы әкімдіктердің, аумақтық департаменттер және энергия кәсіпорындарының басшылығы қатысты.
Жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, тұтынушыларды тұрақты жылумен қамтамасыз ету қамтамасыз етілді. Комитет төрағасы Ержан Ертаев оң динамиканы атап өтті: электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 15%-ға төмендеді, ал температуралық кестенің сақталмау жағдайлары үш есеге қысқарды.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында ауқымды жөндеу науқаны басталды. Электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 4 энергия блогында, 18 қазандықта және 7 турбинада жұмыстар жүргізілуде, 1 қазандық пен 1 турбинаны жөндеу белгіленген мерзімде аяқталды.
Сондай-ақ биыл жалпы ұзындығы 17 098 км электр беру желілеріне, 444 қосалқы станцияға, сондай-ақ 3 408 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларға күрделі жөндеу жүргізілуде. Аталған шараларды іске асыру электр желілерінің орташа тозу деңгейін 65,67%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ел бойынша жылу желілерінде 377 км күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде энергетика секторын жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 2026 жылға 130 км жылу желілерін қайта жаңғырту көзделген. Жалпы кешенді жұмыс жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 48%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша энергия кәсіпорындарына конкурстық рәсімдерді жеделдету және жөндеу жұмыстарына шұғыл кірісу, сондай-ақ гидравликалық сынақтар кестесін қатаң сақтау және анықталған ақауларды дер кезінде жою тапсырылды.
«Алдымыздағы қыстың қалыпты деңгейде өтуін қамтамасыз ету қажет. Дайындық аясында жүргізілетін жөндеу науқаны – маңызды әрі шешуші кезең. Біздің міндетіміз – барлық жоспарланған жұмыстарды толық, сапалы және уақытылы орындау, халықты жылумен тұрақты қамтамасыз ету» – деп атап өтті Комитет төрағасы.