
«QazaqGaz» ҰК» АҚ алаңында «Мұнай мен газды барлау және өндіру» бағыты бойынша мұнай-газ саласының салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарын жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салалары бойынша Кәсіби біліктіліктер жөніндегі салалық кеңесінің қызметі аясында ұйымдастырылды.
Отырысты Энергетика министрлігінің Мұнай игеру және өндіру департаментінің директоры Әлібек Әбілов ашты.
Ол өз сөзінде салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарды жаңарту мұнай-газ саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін атап өтті.
Сондай-ақ, салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттар еңбек ресурстарының сапасын арттырудың, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін көтерудің, білім беру жүйесінің тиімділігін арттырудың, сонымен қатар қызметкерлер мен жұмыс берушілер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етудің негізгі құралы екені атап өтілді.
Сонымен қатар, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның өкілдері Динара Капитонова мен Айнур Айбульдинова «Career Enbek Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасының негізгі функционалдық мүмкіндіктері мен жұмыс істеу тәртібі» тақырыбында презентациямен сөз сөйледі.
Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, «KAZENERGY» қауымдастығының, Кәсіби біліктіліктер жөніндегі ұлттық органның («Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ), «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдарының, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС, Karachaganak Petroleum Operating B.V., North Caspian Operating Company N.V. және басқа да жетекші мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, жоғары және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері: Қазақстан-Британ техникалық университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Satbayev University, Атырау политехникалық колледжі және APEC жоғары колледжі қатыстырылды. Білім беру ұйымдарының өкілдері онлайн форматта қатысты.
Үш жұмыс күні ішінде North Caspian Operating Company компаниясы әзірлеген 52 кәсіп карточкасының жобалары қаралатын болады. Ұсынылған материалдар өндірістік циклдің негізгі кезеңдерін, соның ішінде көмірсутек шикізатын барлау, өндіру, өңдеу және өткізуді қамтиды.
Мұнай-газ саласының салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарын жаңарту жөніндегі жұмыс белгіленген тәртіппен жалғасатын болады.