Атырауда халықаралық геологиялық конференция өтті

Атырауда халықаралық геологиялық конференция өтті

Атырауда Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференция өтті, оған Қазақстаннан, сондай-ақ Орталық Азия, Еуропа, АҚШ және Қытай елдерінен 250-ге жуық маман қатысты. Конференция жұмысына сондай-ақ Ерлан Ақбаров қатысып, елдің ресурстық әлеуетін тиімді игеру үшін геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мен заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Каспий маңы ойпатының терең орналасқан палеозой шөгінділерінің мұнай-газдылық перспективалары болды. Қатысушылар геологиялық барлау саласындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде заманауи технологияларды қолдану, терең қабаттардың әлеуетін бағалау және жаңа мұнай-газ кен орындарын ашу перспективаларын қарастырды.

Іс-шара барысында қазақстандық және шетелдік сарапшылардың жер қойнауының тектоникалық құрылысы, геологиялық барлаудың инновациялық әдістері, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ салаға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі баяндамалары ұсынылды.

Конференция геология саласын дамытуға бағытталған тәжірибе алмасу, ғылыми білімдерді бөлісу және практикалық шешімдер әзірлеу үшін маңызды халықаралық алаң мәртебесін тағы да растады.